«Қордай» өткізу бекетінің жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады
Жамбыл облысында қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу бекетін реконструкциядан өткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бекет келесі жылдың өзінде тәулігіне 2500 көлік пен 23 мың адамды өткізе алады. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігінің телеграм каналы хабарлады.
Жоба ұзындығы 137 метрлік 8 жолақты қозғалыс бөлігін, өткізу терминалдарын, бақылау-өткізу пунктін, шекара қызметінің ғимараты мен өткізу бекетінің басқа да нысандарын қайта жаңартуды қарастырады. Бұдан бөлек, биыл мамандар тексеру шараларын жылдам жүзеге асыруға арналған жаңа инспекциялық тексеру кешенінің құрылыс жұмыстарын орындайды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарына қажетті техниканың барлығы жұмылдырылып, құрылыс материалдары жеткізілген. Қайта жаңарту жұмыстарына 127 адам мен 15 техника тартылды. Өткізу бекетін реконструкциялау ауданы 3,5 га.
Жобаның бас мердігері – «Дорстрой» ЖШС. Техникалық бақылауды «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС жүзеге асырады. Жоба авторы – «Синтез» ЖШС.
Жол-құрылыс маусымы қызған шақта «Қордай» өткізу бекеті тек жаяу жүргіншілер үшін сағат 6:00-дан 24:00-ке дейін жұмыс істейді. Автокөліктер көршілес «Қарасу», «Сортөбе» және «Ауқатты» бекеттері арқылы өткізіліп жатыр. Аталмыш өткізу бекеттеріне кіру жолдары жақсы жағдайда. Бекеттегі жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.