Жаңалықтар

Мұқтаж азаматтарды үймен қамтамасыз етудің тағы бір жолы белгілі болды

Сол үшін әкімдіктер дайын үйді сатып алуы мүмкін

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде құрылыс саласын қолдауға бағытталған бірқатар нақты шаралар қарастырылған. Мәселен, әкімдіктерге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жекеменшік құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Осы мақсатта биыл 4 мыңнан аса пәтер сатып алу үшін 35 млрд  теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен қаражат шекті шама бойынша бөлінеді (1 м2 — 140-180 мың теңге). Бұл ретте, әкімдіктер тұрғын үйді сатып алу кезінде шығындарды жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады,-деп хабарлайды PrimeMinister.kz сайты . 

Қазіргі кезде құрылыс секторына төтенше жағдайдың ықпалын жеңілдету және коронавирус індетінің салдарынан тұралауға жол бермеу үшін мемлекет барынша қажетті шараларды қабылдап жатыр.
ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның биылғы жылғы 13 сәуірдегі шешімімен санитарлық-эпидемиологиялық шаралар талаптарын және жұмыс орындарында қызметкерлердің ара қашықтықты сақтауымен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен жандандыру енгізілді.   

Биыл 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындары, сонымен қатар қызмет көрсету саласының белгілі бір секторлары өз жұмысына кірісті, оның ішінде құрылыс компаниялары, асфальт және бетон зауыттары, аумағы 2 мың м2 асатын ірі құрылыс дүкендері бар. Басқа өңірлерде бұл жұмыстар жалғасуда. 

Ал,  салынып жатқан нысандардың тапсырылу мерзімінде олқылықтың орын алуына жол бермеу мақсатында облыстар  мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісі кестесін қайта қарастыру және карантин шаралары алынып тасталған соң әлеуметтік маңызы бар нысандардың салыну қарқынын күшейту қажеттігі туралы тиісті ұсынымдар жіберілді. 

 «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әкімдіктер мен жекеменшік құрылыс салушылар жер телімдері мен бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасы, құрылысы аяқталмаған нысандары бар тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін несиеге берілетін тұрғын үй жобасын іске асыру бойынша МЖӘ тетігі енгізілуде.

 
ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген дағдарыс жағдайлары кезеңінде мемлекеттік сатып алулардың арнайы тәртібіне жергілікті атқарушы органдардың ұсыныс бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бір көзден сатып алуды жүзеге асыру (жеңілдетілген конкурс түрінде) бойынша түзетулер енгізілді. Бұл шара конкурс өткізу процесін 45-60 күннен 7 күнге дейін жеделдетуге мүмкіндік береді.