Елімізде 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланды 

Жарияланды
Биыл 39 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтылмақ

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің телеграм каналы хабарлады.

Соңғы 3 жылда бағдарлама шеңберінде 36,8 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 330 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Бір тұрғынға тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл – ТМД елдері (Ресей – 0,54 шаршы метр, Беларусь – 0,43 шаршы метр, Өзбекстан – 0,42 шаршы метр) арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдер деңгейіне жақын.

Өткен жылы елімізде 13,1 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Тұрғын үй жағдайын 116 мың отбасы жақсартты. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мың отбасы және мегаполис-қалаларда жұмыс істейтін 3 мың жас әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 10 мыңға жуық отбасы қолжетімді бағамен әлеуметтік несиелік тұрғын үй сатып алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мың отбасы тұрғын үй алды. Бұл –  көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар.

Биыл 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салу (150 мың тұрғын үй) және 39 мыңнан астам отбасын мемлекеттік қолдаумен қамту жоспарлануда. Жыл басынан бері ауданы 3,1 млн. шаршы метр тұрғын үй объектілері пайдалануға берілді, бұл шамамен 25 мың тұрғын үй.

Сондай-ақ оқыңыз