Биыл Маңғыстау облысында жолдардың 150 шақырымы жөнделеді
Маңғыстау облысында 2020 жылы автомобиль жолдары саласында 20-ға тарта жоба жүзеге асырылады. Ол азаматтарға танымал демалыс аймақтарына кедергісіз жетуге мүмкіндік беріп, өңірдегі туристік кластерді дамытуға септігін тигізбек.Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігінің телеграм каналы хабарлады.
Бүгінгі таңда облыста жергілікті маңызы бар жолдарды салу, қайта жаңарту және орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, өңірде республикалық жолдар жөнделуде.
Мәселен, Ақтауда «МАЭК» су жинағышынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автожол жаңартылып жатыр. Қазір жобаның 5 кезеңінің үшеуі аяқталуға жақын. Жол Каспий теңізі жағалауы бойында жатқандықтан, өңірдегі туристік сала үшін маңызы зор. Бұдан бөлек, биыл «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала», «Шетпе – Қызан» жолдарында қайта жаңарту, Ақтауда Өмірзақ елдімекенінен Жылы жағажайына дейінгі автожолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.