Баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?

Жарияланды
Ата-аналар баланың қалауы мен құқығы туралы

Жаздың алғашқы күнінде блок-бекеттер алынды. Демек қала мен ауыл арасы «алтын көпірге» айналады. Олай дейтініміз тоқсан күн демалыста ата-аналар бала алмасады. Қаланың баласы даланы аңсап тұрса, ауылдағылардың бар ойы — қаладағы қызықтар. Десек те баланың каникулын екі жаққа да тиімді етіп ұйымдастырудың өзге де тәсілдері бар. Әсіресе, баласы ересек ата-ана еңбекке араластыруға тырысады. Ақша табуды ерте кезден үйренгеннің кері әсері болмай ма? Бала құқығы жиі шектеле ме? Талдап көруге тырыстық. Ол үшін ата-аналарға төмендегідей сауалдарды қойып, пікірін білдік. 

1. Бала еңбекке қай жастан араласуы тиіс? Неліктен олай ойлайсыз?
2. Ақша тапқан баланы дүниеқоңыз етіп алмау үшін қалай бағыт беру керек? 
3. Өзіңіз биыл қандай жоспар құрып отырсыз, осыған дейін қалай болды? 
4. ТЖ жағдайында уақытты тиімді өткізудің өзге қандай тәсілдерін білесіз?
5. Бала еңбегін пайдалану, құқығын шектеуге қатысты не айтасыз?

Бэлла Орынбетова: Баланың арманы мен таңдауы шектелмесе деймін

1. Бала мына жасында еңбек етуі керек деген стандарт жоқ, меніңше. Еңбек ету ниеті баланың өзінен шығуы тиіс. Әр балада еңбекке деген қызығушылық әрқалай келеді. Биыл балам 13 жаста, ешқашан «еңбек ет, ақша тап» деп айтқан емеспін. Бірақ биыл өзі жұмыс істеуге сұранды. Әлеуметтік желіден National Geographic Qazaqstan жұмысқа қабылдайтыны туралы хабарландыруды көріп қалып, ұлыма жібердім. Өзі оқитын журнал, жұмыс қауіпсіз, кестесі ыңғайлы болғандықтан ұнаған еді. Бірақ кешігіп қалыпты. Сөйтіп Hh-тен жұмыс іздей бастады. Пицца жеткізу, шағын дүкендердің жүгін тасу деген нұсқаларын мақұлдамай қойдым. Себебі бала еңбегі қауіпсіз әрі жеңіл болуы тиіс. 

2. Дүниеқоңыз болу — бай болу жаман деген кеңестік кезеңнен қалған идеялар сияқты. Әркімнің өз құндылығы, мінезі, бейімі болады. Жұмыс істегеннен бала дүниеқоңыз болып кетеді деп ойламаймын. Жалпы екі баламның мінезі екі түрлі, 11 жасар қызым қолындағы ақшасын жұмсап, қалаған дүниесін алуға асық. Ал 13 ұлым берген ақшасын жинағанды жақсы көреді. Мектепке барғанда асханаға, керек-жарағына берген ақшасын жинап, жылда жазға қарай  қомақты сома жинап қояды. Ауылға барып келгенде ол сомасы одан сайын іріленеді. Соңғы уақытта маған қарызға беретін жағдайға жетіп қалды. Онысына жаңа оқу жылына мектебіне қажетті керек-жарақтарын алады. Қызымның қолының ашықтығын да, ұлымның үнемшілдігін де түзетуге тырыспаймын. Бастысы ұрлық-қарлық, арамдықтан алыс болса болғаны. 

3.    Жылда жазда балалар ауылдағы ата-апасына баратын. Биыл олар қала маңына көшкен соң, ол жаққа аса сұранып отырған жоқ. Енді балалармен Қарқаралы, Жасыбайға «жабайы» саяхат жасағымыз келеді. Бірақ карантинге байланысты сапарға шығу мүмкіндігі, экономикалық жағдай белгісіз болып тұр. 

4. Уақытты тиімді өткізу дегеніміз не? Кімге тиімді болуы тиіс, балаға ма ата-анаға ма? Біздің бала кезімізде алған тәрбиеміз дұрыс я бұрыс болды дей алмаймын. Бірақ өзім жасөспірім кезде ауылда тұрдым. Жаз бойы бақша суару, малға қарау сияқты жұмысқа жегілдік. Үлкендер «еңбек еткенің өзіңе жақсы» дейтін. Бірақ сол еңбек маған тиімді болды деп айта алмаймын. Сондықтан алдымен баланың өзінен сұрау керек. Оның арманына, мақсатына қарай жылдам жетуіне қажетті машықтар беру керек, немесе түрлі мамандық, кәсіптерді көрсетіп мейлінше дүнетанымын кеңейту керек.   

5. Бала өз еңбегімен тапқан табысты қайда жұмсайтынын өзі шешуі тиіс. Маңдай терімен тапқан ақшаны компьютер клубына жұмсай ма, техника сатып ала ма өзі таңдағаны жөн. Сонда ғана еңбекке құлшынысы жоғалмайды, ақшаның да қадірін біледі. Ал құқыққа келетін болсақ, бала еңбегі аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс. Бірақ меніңше балалардың бұзылатын құқы еңбек сағаты емес, таңдау құқы сияқты. Не құлқы, не әлеуеті жоқ баланы ата-анасы қалаған үйірмелерге сүйреу, оқуда озат болуы үшін артық жүктемемен оқыту балаға керек пе? Баладан гөрі дос-жаран, туған-туысы алдында мақтануы үшін ата-анаға қажет сияқты. Сондықтан ең алдымен бала арманы, таңдауы шектелмесе деймін.

Гүлшекер Хуанбай: Маған тосын-сый жасау үшін ұлдарым кешке дейін тақтай тасыған 

1. Бала өзі аты айтып тұрғандай «бала» қалпын бұзып, «балалық шағы» құрдымға кеткен кезде, оны жоғалтамыз. Өзім бала деген ақшаның қайдан келіп жатқанын білуі керек, еңбек етуі керек деген пікірлерді мүлдем құптамаймын. Біз әрқайсымыз қоғамдағы, өмірдегі орнымызды білуіміз қажет. Яғни, ата-ана баласын бағып-қаққанын міндетсуін қойған кезде ғана балаға деген махаббаты мен тәрбиесін, ақылы мен қамқорлығын толық бере алады. Сонымен қатар, әр баланың ойлау қабілеті, дене пішімі, физиологиялық және психологиялық өсу деңгейі әртүрлі болады. Мысалы, менің екі ұлым бар. Енді қараңыз, екеуінің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ойлау қабілеті екі түрлі. Қарапайым сөзбен айтсам, Абдулла жеті жасында маған үй жинағанда диван көтерісіп кете беретін. Ал Сүлейманның шалабайлығы, еркелігі, дене пішімінің кішкентайлығы бар, ондайға мүлдем жоқ әлі. Еңбек деген өзі сол үй шаруасынан басталады. Менің ойымша әр баланың өсіп жетілу деңгейіне қарай еңбекке араластырған жөн. Бала ең алдымен оқу мен тәрбиені өзіне басты жұмысы етіп бекітуі қажет.

2. Балаңыз ақша таба бастаса, ең алдымен қайырымдылық жасауды үйреткен жөн. Сол кезде бала дүниеқоңыздықтан алыс тұрып, беруді үйренеді. Бөлісуді үйренеді. Жалпы, шыны керек, менің үлкен ұлым бірнеше рет әкесінің жұмысына араласқан болатын. Алайда мақсатымыз оның ақша табуында емес, өзіне қажет зат алғысы келгендіктен, «өзің де жұмыс істеп, әкеңе көмектесіп сол ақшаны таба аласың» дедік. Одан әріге бармады. Осы жерде өткен жылы болған бір оқиға есіме түсіп тұр. Туған күнім тамызда. Дәл сол кезде балалардың әкесі шетелде болатын. Өзіміз отырып атап өттік. Содан күндіз жұмысқа кеттім, балалар анамның қасында қалатын. Кешке келсем, екі ұлдың көңіл-күйі жоқ. Анам бірден «ұрыспа, екінші қайталамайды» деп әңгімесін бастады. Таңертең ойын алаңына кеткен екеуі түсте келетін. Содан анам іздеп шығып, екеуін таппай қалады. Кешкі бес шамасында балалар шаршап-шалдығып келіпті. Сөйтсе, үлкен ұлым әкелерінің орнын жоқтатпай, тосын сый жасамақ болады. Ақша табу үшін үйдің жанындағы ағаш базарына барып тақтай тасыпты. Жанына көршінің ұлын ертіп алып, үшеуі барады. Қабырғалары қайысып, кешке дейін тақтай тасыған екен. Жұмыс берушілер әу баста адам басына 2 мың теңге деп айтып алып, кешке екеуіне мың теңге ғана беріпті. Інісі шөлдеген соң 300 теңгеге су алып, 500 теңгесін көрші балаға беріп, үлкен ұлымның қалтасында 200 теңге ғана қалады. Содан торт алайын десе, жетпейді. Әжесіне келіп әбден жылапты. Осы оқиға қатты әсер етті. Жылап алдым. Жүрегім ауырғаны — кішкентай балаларға ауыр ағашты тасытқанымен қоймай, еңбегін жегені. Ертеңіне барып, тиесілі ақшаны қайтарып алдық. Бірақ түсінгенім — санамыз, құндылықтарымыз, психологиямыз өзгермесе, баланы еңбекке тарту өте қауіпті. Оның құқығы да, қауіпсіздігі де еш қорғалмайды. 

3. Балаларымызға үнемі айтып отыратын бір қағида: сендердің қазіргі басты жұмыстарың — білім алу. Себебі, білімсіз балаға тек қана ақша табуды үйрету өте қауіпті. Бізде қазір Англияда келесі аптадан бастап мектептер қайтадан ашылады деп жоспарланып жатыр Ал, мұндағы мектеп тағы да бір жарым ай сабақ оқытады. Жазғы демалысқа шілденің соңы шығады. Маусымның ортасында барлық спорттық мекеме жұмысын бастайды деп отыр. Яғни жұмысқа еш уақыты бола қоймайды. Сонымен бірге Ұлыбританияда бала еңбегі қатаң қадағаланады.  

4.ТЖ кезінде мен ұлдарға видео-фото бойынша курс сатып алып бердім. Бір жарым ай бойы өзім модель болдым. Іші пыспады. Тіпті, уақыт жетпей жатты. Оның бір айы ораза болды. Үлкен ұл толық ораза ұстады. Айналысатын шаруа көп болды. Оның үстіне Англияда далаға шығуға қатаң тыйым салынған жоқ. Күнделікті паркке барып, ойнап жүрді.

5. Балаларды «асырап, сақтап отырмыз» деп ата-анасы міндетсімесе екен. Оның толық білім алуына, емін-еркін өсуіне, мейірім мен махаббатты толық сезінуіне, бала болып қалыптасып одан кейін өз кезеңімен есеюіне не жетсін. Баланы арасында, тәрбие үшін еңбекке икемдеуге болады, бірақ басы байлы еңбекке кіріссін дегенге қарсымын.  
 

Сондай-ақ оқыңыз