Балаға күштеп екпе салынбайды

Жарияланды
Ата-ананың рұқсатымен ғана екпе егіледі

ҚазАқпараттың хабарлауынша – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова вакцинация талаптары туралы пікір білдірді.

 «Вакциналау тақырыбы қазір қызу талқыланып жатыр. Бүкіл әлемде вакцина міндетті және ерікті болып екіге бөлінеді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте де вакцина осылай екіге бөлінеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясындағы міндетті вакциналар мен кез келген тілек білдіруші салдыратын ерікті вакциналар бар. Шынында да кодекстің 85-бабында ҚР азаматтарының міндетті тізімдегі вакциналарды алу қажеттігі жазылған. Бірақ, вакциналаудың міндетті болуы – ата-ананы күштеп көндіру емес. Ата-ана қаламаса, екпе салынбайды», – деді бас санитарлық дәрігер онлайн брифингте.

 «Тағы да қайталаймын, Кодексте кез келген вакциналау, әсіресе кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты медициналық қызметтер ата-ананың немесе заңды өкілдің келісімімен жүргізіледі. Қазір де емханаға барғанда, екпе аларда ақпараттық келісім қағазын толтырамыз. Содан кейін ғана балаға екпе салынады. Немесе ата-ана екпеден бас тартып, вакцинаға сенбеу т.б. сияқты себептерін көрсетіп, құжат толтыруы керек. Бұл ақпарат біз үшін маңызды, біз екпеден бас тартудың себептерін білгіміз келеді. Қорыта айтқанда, ата-аналарға екпе салу мәжбүрленбейді», – деді А. Есмағамбетова.

Спикердің айтуынша, міндетті екпелер медициналық қызметкерлер мен мемлекет үшін маңызды.
 

Сондай-ақ оқыңыз