Инвестиция

Қаржы пирамидасына алданғандар 8 млрд теңгесінен айырылған

39 мың адам алаяқтардан зардап шеккен

Соңғы үш жылда Қылмыстық кодекстің  217-бабы, яғни  «қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша 180 қылмыстық іс қозғалған. 2017-2019 жылдары жүргізілген қылмыстық істерден  келген материалдық шығын 8,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

Тұрғымбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде  ІІМ қаржы пирамидасының  25 басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, оның үшеуі шетелде жасырынуға тырысқан. 

Министрдің айтуынша, «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард» және «ESTATE ломбард» микроқаржы ұйымдарының заңсыз әрекетінен 39 мың адам зардап шеккен. Оладың барлығы 8 миллиард теңге мен дүние-мүлкінен айырылған.

Олардың басым бөлігі қаржы пирамидасына әлеуметтік желілердегі жарнаманы көріп, соған сеніп ақша салыпты. Ал бұл пирамиданы жарнамалауға белгілі әнші-әртістер қатысқаны белгілі. 

«Қазіргі кезде министрлік  шұғыл тергеу тобын құрды. Оның құрамына барлық аймақтан кәсіби мамандар енді. Бүгінде 25 аймақтық филиал басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды, арасында үшеуі шетелге қашып кеткен. Үшеуі де ұсталып, елге қайтарылды», – деді Тұрғымбаев бүгін  есеп беру кездесуінде.

Ол қашықтан сауда-саттық жасаудың артуы да интернет-алаяқтықтың өсуіне ықпал еткенін атап өтті.

«Жақында ғана Алматыда интернет алаяқтықтың тұтас жүйесін ұйымдастырған топ пайда болды. Қылмыскерлер  өтірік криптовалютаны айналымға енгізіп, 1 миллиард теңгеден аса қаржы жинап алған. Олардың алаяқтың іс-әрекетінен 800  адам зардап шекті», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін елімізде инвестициялық пирамида құру мен басқаруға қатысты қылмыстық істердің саны жыл сайын артып келе жатқанын жазғанбыз.