Коронавирус пандемиясы әлемдік экономикаға ғана емес, көптеген салаларға үлкен өзгерістер әкелуде. Эпидемиямен күрес тоқтаусыз жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің телеграм каналы хабарлады.
Мемлекеттер арасындағы достық нығайып, қарым-қатынастың жаңа түрлері дамуда. Осы тұста ежелден көршілес ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі індетке қарсы күресте елімізге қолдау көрсетті.
Аталмыш көмекті қабылдау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласы, Қабанбай батыр көшесі 28, 5-блоктағы әкімшілік ғимаратта өтті. Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай елшілігінің өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, модульдік ветеринариялық зертхана (ҚР АШМ ВБжҚК-нің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК) қызметкерлеріне медициналық заттар тапсырылды.
Бұрын хабарлағанымыздай, Қытай Ауылшаруашылығы министрлігі сәуір айының басынан бастап қазақстандық әріптестеріне гуманитарлық көмек ретінде медициналық бұйымдар: мың дана көзілдірік пен костюмдер, 30 мың медициналық бетперделер жіберді. Қорғаныс құралдарының барлығы бақылау бекеттеріндегі ветеринарлық инспекторларға берілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігін сенімді серіктес ретінде таниды және COVID 19 вирусымен күресуде көрсеткен әріптестік қолдауы үшін құрмет пен ризашылығын білдіреді.