Мемлекет бюджетіне Ұлттық қордан бір айда 1,6 млрд доллар бөлінген

Жарияланды
Экономиканы несиелеуге 200 млрд теңге жұмсалды

Мамыр айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілді трансферт ретінде шамамен 1,6 млрд АҚШ доллары немесе 650 млрд теңге бөлінген. Қазақстан экономикасына бөлінген кредиттер жыл басынан бері 1,4 пайызға немесе 187,7 млрд теңгеге артып, жалпы 14,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Оның айтуынша,  жыл басынан бері ұзақ мерзімді кредит көлемі  1,8%-ке немесе  216,5 млрд теңгеге артып, 12,0 трлн теңгеге жеткен. Ал қысқа мерзімді кредиттер 1,4%-ке азайып, 2,0 трлн теңгені құраған. 

Заңды тұлғалардың теңгедегі кредиттері бойынша ставка наурыз айында 12,5 пайызды құраса, сәуір айында 12,1 пайыз болған. Соның ішінде қысқа мерзімді несие мөлшерлемесі   – 12 пайыз, ал ұзақмерзімді несие ставкасы сәл өсіп, 13,3 пайызды құраған. 

Ұлттық банк басшысының айтуынша, экономиканы қолдау шеңберінде Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасып жатыр. Солның ішінде өтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге 197,6 млрд теңге несие берілген. 

Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында, 5 маусымдағы жағдай бойынша, банктер 422 өтініші иесіне 10,4 млрд теңге қарыз берген. 

 «7-20-25» бағдарламасы бойынша 216,5 млрд теңгеге 18 769 өтінім мақұлданды, оның ішінде 183,9 млрд теңге сомасына 15 556 қарыз берілген. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша  жалпы сомасы  244,4 млрд теңгені құрайтын  29 324 өтініш мақұлданып, 198,0 млрд теңгеге 24 277 қарыз берілген.

Алдын ала дерек бойынша, ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі валюталық шоттарының 600 млн АҚШ долларына өсуі нәтижесінде, АВР-дың валюталық бөлігінің ұлғаюы есебінен алтынвалюта резервтері мамыр айында 3,1%-ке немесе 950 млн АҚШ долларына артып, 31,5 млрд АҚШ долларын құрады.

 Ұлттық қорға 250 млн АҚШ долларына алтын сату және алтын бағасының бір унция үшін 1 717-ден 1 726 долларға дейін өсуі есебінен алтын портфелі 137 млн АҚШ долларына азайды. 

Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылғы мамырда өткен айға қарағанда айтарлықтай өзгере қойған жоқ, ол  58,5 млрд АҚШ долларын құрады. Мамыр айында  Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілді трансферт ретінде шамамен  1,6 млрд АҚШ доллары немесе 650 млрд теңге бөлінген,

Сонымен қатар,  Ұлттық қордан кепілді трансферт бөлу үшін 1,1 млрд АҚШ доллары сомасына валюта сатылған. 384 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі шетел валютасының түсімі және  акция нарығының ішінара қалпына келуі нәтижесінде түскен 670 млн доллар инвестициялық кіріс Ұлттық қордағы сатылымдардың орнын толтырды.  

Халықаралық жалпы резерв бір айдың ішінде 1%-ке  артып, 90 млрд АҚШ долларын құраған.
 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз