Алмалы ауданың жаңартуға  бюджеттен 240 млн теңге бөлінді

Жарияланды
Алматы әкімі бұл жердің атмосферасын шығармашылыққа шабыттандыратындай болсын деді

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы және «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қолға алынған Алмалы ауданының коғамдық кеңістіктерін абаттандыру барысымен танысты. Бұл туралы Алматы әкімдігінің телгерам каналы хабарлады.

Б. Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы тұрғындардың өздері таңдап алған қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарының барысымен танысқанын жазды. Олар — Жамбыл атындағы сквер, Жамбыл көшесі бойындағы және Розыбакиев көшесі мен Қожамқұлов көшесінің қиылысындағы жасыл аймақтар. Мұнда жайлы орындықтар, тренажерлік кешендер қойылып, ойын алаңдары, гүлзарлар , жаяу жүргінші жолдары жасалуда.

Алматы әкімі «Тастақ» ықшамауданындағы Прокофьев көшесін жөндеу жұмысының барысымен танысты. Мұнда ойын және спорт алаңдары, демалатын орындары бар заманауи жаяу жүргінші аймағы салынады. Жоғарыда аталған көше қайта жаңарған Дүйсенов көшесімен қилысады, мұнда да өткен жылы жайлы жаяу жүргінші аймағы пайда болған еді.

«Осылайша Алмалы ауданының осы бөлігіндегі тұрғындардың өз «Төлебайы» пайда болады», — деп атап өтті қала әкімі.

Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған Гагарин бульварының Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аумағының және Мақатаев атындағы сквердің қалай жөнделіп жатқанын көрді.

«Бұл сквер шығармашыл зиялы қауымның, жас ақындар мен жазушылардың мекеніне айналуы тиіс. Тіпті мұндағы атмосфераның өзі шығармашылыққа шабыттандыратындай жағдай жасау міндетін қойдым», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Ағымдағы жылы Алмалы ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 15 жоба іске асатын болады, ол үшін 240 млн теңге бөлінген. Айта кетерлігі, скверлер мен жасыл аймақтарды, аулаларды жөндеу, қозғалысы шектеулі  азаматтар үшін жер асты өтпелі жолдарға көтергіш тетіктерді орнату бойынша бірқатар жобалар да жүзеге асады.
 

Сондай-ақ оқыңыз