Алматыда «Үйдің қасындағы дүкен» жобасы дамитын болды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бөлшек сауда мен экономиканың осы секторының ашықтығын арттырудың үздік үлгісі болып табылатын үйдің қасындағы Froot дүкендер желісінің жұмысымен танысты,-деп хабарлайды Алматы әкімдігінің телеграм арнасы.
Қала әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында бюджетінің 40%-ға жуығы сауда есебінен қалыптасатын мегаполистің бұдан да қарқынды дамуы үшін экономиканың осы секторын көлеңкеден шығару қажет екенін жазды.
«Ол үшін не істеу керек? Супермаркет, онлайн-сауда мен үйдің қасындағы дүкендерге қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетілуі тиіс», — деп хабарлады Б. Сағынтаев.
Ол жергілікті франчайзингті тарта отырып, «Үйдің қасындағы дүкен» секілді типтік жобалардың іске асуына қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Мысалы үлгі ретінде әлемдік 7-Eleven моделі бойынша құрылған Froot желісін айтуға болады.
«Сауда жобасының басты нәтижесі сол, тамақ өнімдері сапалы, автоматтандырылып, оқшауландырылған. Мұнда бизнестің ашықтығы, салықтың түсімі дұрыс жолға қойылып, ресми жұмыс орындары да құрылған», — деп атап өтті Алматы әкімі.
Айта кетерлігі, жаңа үлгідегі Froot дүкендер желісіндегі азық-түліктердің бағасы үйдің қасындағы дүкендерден 10-15%-ға төмен. Мұнда барлық іс-қимылды, тауар ассортиментінен бастап оның санына дейінгі үрдістерді, касса мен бухгалтерияны зияткерлік жүйе басқарады. Мұндай дүкендердің жұмысы барынша ашық әрі бюджетке салықтар мен түрлі төлемдер дер кезінде түседі, қызметкерлер тұрақты әрі лайықты жалақы алады.