Мамыр айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банк және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 62 165 грамм болатын 1 467 құйма алтын сатып алған. Ал 2017 жылдан бері жалпы салмағы 845 060 грамды құрайтын 25 968 өлшеуіш құйма сатылыпты.
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек , алтын құймалары бес түрде ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында салмағы 10 г. құйма сұранысқа ие. Сатылған алтынның 27 пайызын 10 грамдық құймалар (6 969 дана) құраған.
Одан кейін 5 грамдық құймалар көп сатылған – 6 050 дана (23%). Ел тұрғындары 20 грамдық құймадан 4966 дана (19%), 100 грамдық алтыннан – 4 933 дана (19%), 50 грамдық құймадан 3 050 дана (12%) сатып алған.
Алтын құймасын сатып алуда өңірлер арасындағы көшбасшы – Алматы қаласы (сатылған құймалардың 50,3%-ы), одан кейін Атырау (18,4%), Нұр-Сұлтан (11,4%) және басқа өңірлер (19,9%) келеді.
Кері сатып алу бойынша жалпы массасы 3 010 грамм 106 өлшеуіш құйма қабылданған. Бұл алтын құймалары инвестициялау пен қаржы жинаудағы ұзақ мерзімді құрал саналады.
Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jýsan Bank, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға және кері сатуға болады.
Алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. Банк пен банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке дәл сол сәтте ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құйма нарығының өтімділігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор.
ҚР Ұлтты банкі әрбір құйма қорғаныш элементтері (құймалардың беті айнадай, микромәтін және бедерлі гурт) бар, оны механикалық зақымданудан қорғайтын, сондай-ақ, орауы ашылған- ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орамада шығарылатынын ескертеді. Қорғаныш орамасы – құйма сапасының сертификаты. Сондықтан мамандар құйманы ұқыпты сақтау және ораманы ашпауды ұсынады.
2020 жылдың 5 маусымдағы жағдай бойынша 1 грамм алтын бағасы – 21 918,57 теңге.