Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар қауымдастығының тұсаукесері барысында «Бүгінгі Қазақстан: сабақтастық және даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министірлігінің телеграм каналы хабарлады.
Қауымдастық құрамына ҚР мен Жапония арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту үшін зерттеулер жүргізуге және сараптамалық-консультативтік қолдау көрсетуге ниет білдірген жапондық ғылыми, академиялық және іскер қоғамдастықтары, БАҚ және Үкіметтік Емес Ұйымдардың өкілдері кірді. Олардың арасында Жапонияның Қазақстанда әр жылдары қызмет атқарған елшілері, «Васэда», «Рицумейкан», «Тейкё» және «Мусашино» университеттерінің профессорлары бар.
Қауымдастықтың алғашқы отырысы барысында жапондық сарапшылар Қазақстан Республикасындағы қазіргі ахуалды, оның ішінде коронавирусқа қарсы күрес пен экономикалық дамуды қалпына келтіру мәселелерін талқылады.
ҚР-дың Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев іс-шараға қатысушыларды ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа жолдауының негізінде Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.
Орталық Азия үшін бірегей болып саналатын биліктің сабақтастығы сарапшылар талқылауының басты назарында болды. Егеменді мемлекеттің қалыптасуына зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттіліктің басты шарттарының бірі – билікті конституциялық жолмен табыстаудың негізін қалады.
Қауымдастықтың төрағасы, «Рицумэйкан» университетінің құрметті профессоры Кэй Карасава баяндама жасап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын және азаматтық қоғаммен жаңа диалог алаңы ретінде құрылған, әлеуметтік және экономиалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін – Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысын жоғары бағалады.
Жапонияның ҚР-дағы бұрынғы Елшісі (2003-2005 жж.) Тосио Цунодзаки ұлттық экономиканы қолдау, халық табысын сақтау және эпидемиядан кейінгі қалпына келтіру шаралары бойынша Қазақстанның оң әлеуетін атап өтті.