Биыл Ақтау, Көкшетау, Ақтөбе “ақылды” қалалар қатарына қосылуы мүмкін
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тек орталық мемлекеттік органдар деңгейінде ғана емес, өңірлерде де жұмыс атқаруды көздейді. Мұндағы негізгі бағыт — Smart City жобасын іске асыру,-деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев есеп беру кездесуінде. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
Бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету үшін 100-ден астам бастаманы қамтитын эталондық стандарт әзірленді. Өткен жылдың соңында Министрлік өңірлердегі ағымдағы жағдайға талдау жасап, «ақылды қалалардың» ішкі рейтингін қалыптастырды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қалалары цифрлық жобаларды басқаларға қарағанда белсендірек енгізіп жатыр. Сондай-ақ биыл Ақтау, Көкшетау және Ақтөбе қалалары цифрландыру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр.
Биыл әкімдіктер 112 және 109 қызметтерін цифрландыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні шағымдар мен ұсыныстарды өңдеу тұрғысынан халықпен жұмыс жасаудың сәтті мысалы — «iKomek» жүйесі.
Жер қатынастарын цифрландыру
«Smart City» маңызды міндеттерінің бірі — жер қатынастарын цифрландыру.
Министрлік онлайн режимде жер учаскелерін беру үшін бірыңғай ақпараттық жүйені әзірледі, бұл шара жер беру процесін ашық етуге мүмкіндік береді. Осы жылы жергілікті атқарушы аймақтардың геопорталдарын 100% толтыру жоспарланған.
Айта кету керек, республикамыздың аумағында КСРО-дан мұра болып қалған 1942 жылғы координаттар жүйесі орнатылған, оның деректері мен материалдарында «құпия» белгісі бар, бұл оларды экономиканың түрлі салаларында пайдалануды қиындатады.
Бұдан өзге, еліміздің түрлі салалары мен өңірлерінде 1963 жылғы әртүрлі координаттар жүйелері және 1966 жылғы геологиялық координаттар жүйесі қолданылады.
Спутниктік технологиялардың пайда болуымен, заманауи геодезиялық жабдықтардың дамуымен, координаталардың осы жүйесі ескірген және дәлдік, жеделдік және экономикалық тиімділік бойынша қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейді.
Осы міндетті шешу үшін «Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы» (КДҰИ) жобасын құру көзделген, оның мақсаттары:
1942 жылғы координаттар жүйесінің орнына координаттардың бірыңғай мемлекеттік жүйесін орнату;
Қазақстан Республикасының аумағын 100% ашық кеңістіктік деректермен қамту;
орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кеңістіктік деректерімен алмасуды автоматтандыру.
Жалпы алғанда, КДҰИ-ді іске асыру нәтижесі — мемлекеттік органдардың тиімді басқаруына және жедел шешімдер қабылдауына ықпал ететін Бірыңғай геосервистік экожүйе болады.
«Smart Data Ukimet» цифрлық мемлекетіне көшу
Тағы бір әлемдік жаһандық тренд — үлкен деректерді басқару. Бүгінде Министрлік «Smart Data Ukimet» жобасын жүзеге асыруда. 5 мемлекеттік органда жаңа зерттеулер жүргізіліп, деректер базасы қосылды.
Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту, тегін дәрі-дәрмек бөлу, «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар бөлу жұмыстары атқарылды. Осының барлығы 187 млрд теңге сомасында бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, дәрілік заттарды жалпы цифрландыру, соның ішінде Smart Data Ukimet-ті пайдалану есебінен бөлу 22,6 млрд теңгені үнемдеді.
Инфрақұрылымды дамыту
Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік болмаса, цифрландыруды дамыту мүмкін емес.
Ауылдарды жылдам интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салу бойынша МЖӘ жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде 20 мың километрден астам оптика төселеді және 1250 ауыл қамтылады. Қазіргі уақытта Интернет 747 ауылға жеткізілген, қалған 503-і осы жылдың соңына дейін қосылады, оның ішінде жыл басынан бері 393-іне жеткізілгеннін атап өту керек.
Сонымен қатар ТОБЖ болуы ұялы байланыс операторларын ауылдарда өздерінің базалық станцияларын орнатуға және ауыл тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге ынталандырады.
Осылайша, Министрлік ұялы операторлармен меморандумға және жоспар кестесіне қол қойды, оның аясында олар 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарға 3G/4G ұялы байланысын жеткізуге міндеттенді. 2020 жылдың соңына дейін 928 ауылда жылдам мобильді интернет пайда болады.
Осы жобаларды іске асырудың нәтижесінде осы жылдың соңына дейін кеңжолақты интернетпен халықтың жалпы санының 99,3% қамтылатын болады.
Тұрғындар саны 50 және одан көп (127,2 мың адам — 0,7%) қалған ауылдарды кеңжолақты интернет қызметтерімен 2022 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бұл үшін қазіргі уақытта өңірлер әкімдіктерімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп ауылдық елді мекендер тізімін, сондай-ақ урбанизациялауды ескере отырып, онда тұратын халықтың санын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде.