Карантин кесірінен қазақстандықтардың 60%-ның табысы азайған

Жарияланды
DEMOSCOPE жүргізген сауалнамаға 1100 адам қатысыпты

Карантин кезінде қазақстандықтардың 60 пайызының табысы азайған. Сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (48%) биліктің карантин кезіндегі жұмысына орташа деген баға берген. Олардың ойынша, мемлекет бір міндетті орындауға ден қойғанымен, біраз мәселе тасада қалып жатыр. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы «Биліктің карантин кезіндегі жұмысына берілген баға» тақырыбында жүргізген сауалнама нәтижесі осындай.  

Сауалнамаға 2020 жылы 2-8 маусым аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысқан.

Сұрақтар қазақ және орыс тілдерінде қойылған. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

Қазақстанда коронавируспен күресу мақсатында енгізілген қатаң карантин шаралары әлсіреді. Еліміз оқшаулану режимінен шықты. Дегенмен, үкімет халыққа санитарлық талаптарты сақтауды жалғастыру керек деді. Карантин кесірінен табысынан айрылған халық арасында наразылық пайда болып, коронавирустың рас екеніне күмәнмен қарай бастағандар көбейді. Сауалнама қорытындысынан қоғамның карантин кезінде енгізілген шараларға берген бағасын көруге болады.

Қатысушылардың жартысы (48%) биліктің карантин кезіндегі жұмысына орташа деген баға берді. Олардың ойынша, мемлекет бір міндетті орындауға ден қойғанымен, біраз мәселе тасада қалып жатыр.

Респонденттердің үштен бірі  (30%) «жоғары» деген баға берген. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар жұмыла кірісіп,  жақсы жұмыс істеп жатыр дейді олар.

Карантин кезінде бірнеше жыл бойы жиналған, шешілмеген проблемалар шығып жатыр. Мемлекеттің жағдайды реттей алмай жатқаны анық деген пікірге қосылып, биліктің карантин кезіндегі жұмысын «төмен» деп бағалағандар – 16%.

Салыстырмалы түрде алсақ, Солтүстік Қазақстан (43%)  мен Қызылорда (40%) облыстарының тұрғындары арасында атқарылған жұмыстарға жоғары баға бергендер көп. Батыс Қазақстан облысы (23%)  мен Нұр-Сұлтан қалалары (21%) тұрғындары арасында енгізілген шараларды нәтижесіз деп бағалағандар басым. 

Карантин кезінде маңызды индикаторлардың бірі – азаматтардың коронавирус инфекциясына көзқарасы. DEMOSCOPE сауалнамасы қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 80%-ы, коронавирустың бар екеніне сенеді. Алайда, олардың 33%-ы денсаулыққа соншалықты қауіпті деп санамайды. Коронавирустың бар екеніне сауалнамаға қатысушылардың 14%-ы сенбеген.

Қоғамның жай-күйінен хабар беретін негізгі көрсеткіш – халықтың материалдық әл-ауқаты. DEMOSCOPE сауалнамасы деректері бойынша, респондентердің 37%-ның табысы өзгермеген. 35% респонденттің табысы карантин кезінде жұмыстары тоқтап қалғандықтан, қатты азайған. 25%-ы «табысым аздап қана азайды» деп жауап беріпті.

Сауалнама барысында «Карантин шараларын енгізуге негіз бар деп ойлайсыз ба?» деген сауал да қойылыпты. 51% қатысушы енгізілген шектеулерді толықтай қолдайды. Себебі, коронавирустың жаппай таралып кетпеуіне көмектеседі.

41%  коронавирустың зардабы адамдарға қарағанда, экономика үшін ауыр болады деген пікір айтты.

Эксперттер эпидемиологиялық жағдай алдағы күзде ушығады деген болжамдар айтып жатыр. DEMOSCOPE бюросы осы ретте халықтан бұл «жаңалықты» қалай қабылдайтынын сұрастырған.

Қатысушылардың көпшілігі (55%) жалпы карантинге түсінікпен қарайды, дегенмен  мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көбірек жәрдемдесуі керек деп санайды.
19% қатаң шектеулерге қарсы, рұқсат етілген немесе тыйым салынған әрекеттер туралы ескертілсе болды дейді олар.  11% үзілді-кесілді қарсы.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы наурыз және маусым айларында жүргізген екі зерттеу қорытындысына сәйкес, халықтың көпшілігі карантин шараларына түсінікпен қарайды және қолдайды десек те болады. Дегенмен, сауалнама мәліметтері халықтың әл-ауқаты нашарлағанын көрсетеді. Халық мемлекет тарапынан қолдау және несие төлеу, коммуналды шығындарды бөліп төлеу және азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалау секілді нақты әрекеттер күтеді.
 

Сондай-ақ оқыңыз