Мемлекеттік қызметтердің 82%-ы автоматтандырылды

Жарияланды
Электрондық форматта 54 млн астам қызмет көрсетілді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халық алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді,-деп хабарлайды primeminister.kz .

Цифрлық даму министрлігі болашақ экономикасының цифрландыру және электрондық мемлекеттік қызметтер, коммуникация мен байланыстың жаңа түрлері, үлкен деректер мен жиынтықты технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, инновациялық экожүйе, ғарыш технологиялары мен геодезия секілді бағыттарына жетекшілік етеді.

 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 

Мемлекеттік бағдарлама 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады:

«Экономика салаларын цифрландыру»;

«Цифрлық мемлекетке көшу»;

«Цифрлық жібек жолын іске асыру»;

«Адами капиталды дамыту»;

«Инновациялық экожүйені құру»

Бағдарламаның мақсаты — цифрлық технологияларды қолдану есебінен қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру.

Бірінші бағыт — «Цифрлық мемлекет». Ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік органдардың деректер базасын интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Бүгінгі таңда қызметтерді автоматтандыру үшін қажетті 344 интеграция іске асырылды. Осы жылы тағы 100-ден астам интеграцияны аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелердің интеграциясының арқасында 5 анықтама алынып тасталды. Айта кету керек, жыл сайын 10 млн-нан астам рет тапсырыс берілетін мекенжай анықтамасы алып тасталды. Соның нәтижесінде бұл қағаз құжат айналымын 14 млн құжатқа қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан өзге кезекте тағы 25 анықтама бар, олар мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда азаматтардан талап етілмейтін болады.

Жалпы қабылданған шаралардың арқасында сұратылған құжаттардың саны орташа алғанда 6 данадан 4-ке дейін немесе 30%-ға қысқарды және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 31 күннен 10 күнге дейін 3 есеге қысқарды.

Сонымен қатар үдерістерді цифрландыру және қызметтерді электрондық форматқа көшірудің арқасында ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін тіркеу 1 жұмыс күнінен 1 сағатқа дейін қысқартылды.

Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғаларды тіркеу саласында қызмет көрсету мерзімдері 10-нан 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Бұл шаралардың барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасын орындауға және мемлекеттік қызметтерді 82% автоматтандыруға мүмкіндік берді, биыл бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы, өткен жылы барлық онлайн-арналарды есепке алсақ, электрондық форматта 54 млн-нан астам қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар елімізде төтенше жағдай басталғаннан бері азаматтар 17 млн-нан астам электрондық мемлекеттік қызмет алды. Электрондық форматта күн сайын алынатын қызмет 3 есеге артты.

 

Е-қызметтер және мобильді қосымшалар

Министрлік қызметтерді батырманы бірнеше рет қана басу арқылы алуға болатын жаңа мобильді қосымшаны іске қосты, қазіргі уақытта оған 1 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген.

Қосымшада цифрлық құжаттарды сақтау мүмкіндігі бар. Сол жерде азаматтың электрондық куәлігі, туу туралы және некені тіркеу туралы куәліктері көрсетіледі. Сондай-ақ «Цифрлық технологиялар туралы» жаңа заң күшіне енгеннен кейін осы құжаттардың мәртебесі қағаз түпнұсқаларына теңестіріледі. Бүгін Сенат отырысы өтіп, онда аталған заң жобасы қаралды.

Сондай-ақ Министрлік төтенше жағдай кезінде елде ЭЦҚ-ны қашықтан алу шараларын қабылдады. Бүгінде ХҚКО-ға бармай-ақ, 650 мыңға жуық азамат ЭЦҚ алды.

Бұл қызмет Egov сайтында осы жылдың 26 наурызынан бастап жеке тұлғалар үшін және заңды тұлғалар үшін 1 сәуірден бастап іске қосылды.

Сонымен қатар азаматтардың осы қызметті Egov mobile мобильді қосымшасы арқылы да алуға мүмкіндігі пайда болды. Egov mobile қосымшасы AppStore және PlayMarket платформаларында қолжетімді екенін атап өткен жөн. Онда қазіргі таңда танымал қызметтер мен сервистердің 60 түрі қолжетімді, сондай-ақ азаматтың «цифрлық құжаттары» ұсынылған. Осы мобильді қосымшамен жұмыс істеу үшін ЭЦҚ болуы шарт және мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет.

Жалпы республика бойынша 10,2 млн астам қолданыстағы ЭЦҚ бар.

Айта кету керек, ТЖ кезінде ЭЦҚ-ға өтінімді онлайн растау үшін фронт-кеңселердің 805 қызметкері жұмылдырылып, бейне байланыс арқылы 3,5 млн-нан астам қоңырау қабылданып, бейнеқоңырау арқылы мобильді азаматтар базасында 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді.

Сондай-ақ техникалық мамандар осы айда egov.kz порталындағы қызметтерге QR кодын қолдана отырып қол қою мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жұмыс жасап жатыр. Осындай мүмкіндік іске асыратын алғашқы қызметтер қатарында:

некені тіркеу;

баланың тууын тіркеу;

баланы балабақшаға кезекке қою;

заңды тұлғаны ашу;

салық есептілігін қабылдау (250 форма) бар.

Бұдан өзге, осы қызметтерді компьютерден алған кезде, ЭЦҚ-ға қол қоюдың орнына, QR-кодты сканерлей отырып, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті алуға берілген сұрауға қол қойса болады. Сондай-ақ компьютерде ЭЦҚ-ны пайдалану үшін қосымша бағдарламаны орнатудың қажеті болмайды.

Осылайша, eGov.kz порталында осы қызметтерді ала отырып, азамат қол қою кезінде «QR-code арқылы қол қою» функциясын таңдай алады. Осыдан кейін eGovMobile қосымшасын пайдалана отырып, мониторда пайда болған кодты сканерлеу қажет.

 

Жиынтықты электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ)

Жаңа, оңайлатылған ЭЦҚ-ның қолданыстағыдан басты айырмашылығы — оны компьютерде пайдалану үшін ешқандай қосымша бағдарламаны (NCALayer) орнатудың қажеті жоқ. Сондай-ақ ЭЦҚ пайдаланушының компьютерінде емес, қорғалған серверде сақталады және оны азамат бейне сәйкестендіру арқылы ғана ала алады.

Айта кету керек, бұған дейін азаматтарда үнемі ЭЦҚ-ға қатысты көптеген сұрақтар туындайтын. Біріншіден, ХҚКО-да оны алар кезде адамның өзі келуі қиындық туғызатын. Екіншіден, кей адамдар қосымша бағдарламаларды орнату қажеттілігіне байланысты оны пайдалану кезінде қиындықтарға тап болатын.

Бірнеше ай бұрын Министрлік қашықтан ЭЦҚ алу бойынша жұмыс жүргізді, қазіргі уақытта қосымша бағдарламаларды орнатуды талап етпейтін оңайлатылған электрондық цифрлық қолтаңба әзірлені жатыр.

Мұндай электрондық қолтаңба қолданыстағы қолтаңбаға балама болады және оны жоғалтуға болмайтынын және оны басқа ешкім пайдалана алмайтынын атап өткен жөн.

Сондай-ақ бейне сәйкестендіруден өтпей және ЭЦҚ паролісіз басқа тұлғалар осы ЭЦҚ-ны қолдана алмайды. Қазіргі уақытта «ҰАТ» АҚ, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік техникалық қызмет деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін пысықтап жатыр.

ЭЦҚ-ның жаңа түрін компьютерде немесе «флеш-картада» сақтауға болмайды. Қызметтерді алу кезінде жүйе азаматтың электрондық қолтаңбасын серверден автоматты түрде табады.

Қазіргі уақытта жаңа электрондық қолтаңбаның функционалы әзірлеу сатысында тұр. Жеңілдетілген ЭЦҚ-ны биыл іске қосу көзделген.

 

Қызмет көрсетудің проактивті форматы

Проактивті формат мемлекеттің өзі азаматқа белгілі бір жағдайда қажетті қызметті ұсынады деп болжайды. Бұл ретте ешқайда барудың қажеті жоқ, ал қажетті ақпаратты келіп түскен SMS-ке жауап ретінде жіберсе жеткілікті болмақ.

Бүгінгі таңда проактивті форматта 5 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Айта кету керек, баланың туу туралы куәлігін SMS арқылы баланың атын жібере отырып ресімдеуге болады. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар проактивті форматта жәрдемақыны ресімдей алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда қызметтердің 80%-дан астамы электрондық түрде ұсынылады. Яғни, қызметтерді проактвті форматқа аударуға болатын автоматтандыру деңгейіне қол жеткізілді.

Министр Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша проактивті форматта көрсетілетін 30 қызмет іріктелгенін хабарлады. Олардың арасында — жүктілігі мен босануы бойынша төлемдерді тағайындау, мүгедектікті белгілеу, мектепке қабылдау, көшелерді немесе елді мекендерді қайта атау кезінде мекенжай деректерін өзгерту, жерлеуге біржолғы төлемді тағайындау және т. б. бар.

Қазіргі уақытта әйелдер ХҚКО-ға босануға дейін төленетін және декреттік төлемдерді рәсімдеу үшін құжаттармен жүгінуі керек. Бұл қызмет проактивті форматқа көшірілгеннен кейін еңбекке жарамсыздық парағын ресімдегеннен соң, әйелдерге жәрдемақыны ресімдей алатын SMS-хабарлама келеді деп жоспарлануда. Жалғыз шарт — мобильдік азаматтар базасында тіркелу керек.

Айта кету керек, көптеген проактивті қызметтерді осы жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл үшін осы қызметтерді көрсету процесіне қатысушы мемлекеттік органдар өз жүйелері арасында деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, барлық қажетті интеграциялық жұмыстарды аяқтауы тиіс.

 

Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы

Мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылын жеңілдететін тағы бір жоба — бұл Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы. Ол мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық сайттарын бір терезеге біріктіруге мүмкіндік береді.

2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік органдардың 310 сайтын бірыңғай платформаға біріктіру жоспарланған. Жоба мемлекеттік органдардың сайттарын сүйемелдеу мен қолдауға арналған бюджет қаражатының ағымдағы шығыстарын 2 млрд теңгеге дейін қысқартуға және сайттардың 100% қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық ақпарат стандартталады және азаматтар үшін ыңғайлы форматта қолжетімді болады.

 

Мемлекеттік органдарды цифрландыру

Денсаулық сақтау. Бүгінде осы салада цифрландыру бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Ауруханалар қажетті техникамен жабдықталып, медициналық жүйелер енгізілді. Халыққа ыңғайлы болу үшін аймақтық мобильді қосымшалар іске қосылды. Сондай-ақ электрондық денсаулық паспорттары толтырылып жатыр.

Бұл жұмысты, әсіресе, елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде ДДСҰ, БҰҰ-ның халықаралық сарапшылары ерекше атап өтті.

2019 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды цифрландырудың экономикалық тиімділігі 22,6 млрд теңгеге бағаланды (дәрілік заттарды сатып алу саласында цифрландыру есебінен 22,1 млрд теңге және электрондық форматқа көшу есебінен 540,1 млн теңге үнемделді).

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі кезеңінде тартылған 11 мыңнан астам қазақстандық медицина қызметкерлері тегін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілген.

Әлеуметтік сала. Электрондық еңбек биржасы іске қосылды, ол жұмысқа орналасу процесін екі есе қысқартуға мүмкіндік берді, ал рәсім айқын бола түсті. Бүгінгі таңда 533 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 383 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, 149,7 мыңы уақытша жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ медициналық және әлеуметтік мекемелер қосылған әлеуметтік қызметтер порталы пайдалануға берілді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласындағы қол жеткізілген нәтиже 1,4 млрд теңгені құрады.

Қаржы саласы. Осы салада онлайн бақылау-кассалық машиналар жүйесі іске асырылды, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылды, ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды.

Бұдан өзге, екінші деңгейдегі банктерге арналған Қаржы министрлігінің сервисі әзірленді, ол салықтарды төлеу процесін жеңілдетуге жол ашты. Бұл сервисті «Kaspi», «Halyk bank», Қазпошта және басқа да банктер жүзеге асырды. Осының арқсаныда азаматтар салықты уақытылы төлей бастады, ал салық бойынша онлайн төлемдер сомасы 2 есеге жуық өсті.

Жалпы, 3 министрліктің цифрлық жобалары шамамен 473 млрд теңге көлемінде тиімділік көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз