Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықаралық әуе рейстерінің қалыпқа келтірілгені жайлы дерек таратты.
«Коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомство аралық комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын ескере отырып дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жария еткен картадағы эпидемиологиялық деңгейге байланысты 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапония елдеріне халықаралық әуе рейстері ұша бастайды» делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстан тарапының дәл осы мемлекеттермен халықаралық әуе байланысын қалпына келтіруі бекер емес. Аталған мемлекеттерде коронавирус пандемиясының қарқыны аз да болса бәсеңдеген. Түркияда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 175 мыңға таяған. Оның 147 мыңы сауығып шықса, 5000-ға жуығы көз жұмған. Қытайда статистика бұдан біршама төмен. 83 мың адам ауырып, 5000-ға жуығы қайтыс болған. 78 мыңы жазылып шыққан. Жапонияда 17 мың адам Covid-19 жұқтырып, 922 адам айыға алмай бақиға аттанды. 15 мыңы тәуір болды. Оңтүстік Кореяда 12 мыңнан астам адам вирус тырнағына ілініп, 300-ге жуық азамат көз жұмды. Таиландта 3000-нан астам адамнан қауіпті вирус анықталып, 58 адам қайтыс болса, 3000-ға жуығы емделіп шыққан. Ал Грузияда осы вирус жұқтырғандар саны – 831. Оның 13-і қайтыс болып, 700-ге жуығы сауыққан.
Халықаралық маршруттар бойынша рейстер саны әуе байланыстары туралы үкімет аралық келісім және әр бағыттағы әуе кемелерінің коммерциялық жүктемесі негізінде реттелмек. Ал рейс пен билет сатылымы әуе компаниялары сайтында жарияланған кесте бойынша жүзеге асырылмақ.
Алдағы уақытта Қазақстанмен әуе рейсін қайта жандандыратын елдер қатарына Ресей де қосылуы мүмкін. Росавиация 15 шілдеден бастап халықаралық әуе рейсерін ішінара жандандыру бойынша ұсыныс білдірген. Бірінші кезекте 15 елмен қатынас қалпына келтірілмек. Олардың арасында Қазақстан да бар.
Бұған дейін министрлік Әзербайжандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты аталған елмен халықаралық рейсті әзірге іске қоспайтынын мәлімдеген болатын. Себебі, Әзербайжан тарапы халықаралық рейстерге салынған тыйымды 1 шілдеге дейін ұзартып тастаған.
Дәл қазіргі мезетте елімізде 14 мың азамат аса қауіпті вирусты жұқтырып, олардың 9000-ы жазылып шыққан. Өкінішке қарай 67 адам қатерлі дерттен көз жұмды.