Біртанов арақашықтықты сақтау 2022 жылға дейін жалғасады

Жарияланды
Қазақстанда коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатыр

2022 жылға дейін әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында мәлім етті. 

«Құрметті достар! Мен министр ретінде ғана емес, ең алдымен  коронавирус эпидемиясының қауіп-қатерін жақсы түсінетін және азаматтардың денсаулығы үшін ерекше алаңдап жүрген адам ретінде сіздерге өтініш жасамақпын. Дәл қазір жауапкершілікті мойнымызға алып, әрқайсымыз «жеке карантин» ережелерін мұқият үйренер және оны өмір салтына айналдырар кез келді», – деп жазды Елжан Біртанов Facebook парақшасында.

Министр, індетті жұқтырып алмас үшін қарапайым ғана мынадай шараларды сақтау керектігін айтты. 

1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
2. Егер мүмкіндік болса кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
3. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;
4. Қолды кем дегенде 20 секун сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
5.  Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.
Айта кету керек, дәл осы шаралар  наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде көп көмектесті.

«Қазір әлемнің кейбір елінде және Қазақстанда да коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын  мамыр айының соңында  карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқтырғандар саны бірден артты», – деді министр.

Біртановтың сөзінше, жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланды. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген. 

«Күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталанады деп болжаған және толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін – осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады  немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалануымыз тиіс. Қазір SARS-CoV-2 иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есепке алынған. Материал мәліметтері бойынша қысқа мерзімді иммунитет (40 апта) жасалуы мүмкін, онда індет жыл сайын қайталанады. Егер мерзімді иммунитет пайда болса (104 апта) – екі жылда бір рет шығады. Ал өмір бойғы иммунитет – вирустың элиминациясы болса, 2024 жылы қайта өршуі мүмкін. Бұл жаңа инфекция. Бүкіл әлем оны зерттейді, болжам жасайды, індетпен күресу жолдарын іздейді», – деді Біртанов. 

Оның пайымдауынша, қазір инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған шаралар мен жеңілдетілген карантин арасындағы ортақ теңдікті тауып, оны қалыпты өмір салтына айналдыру қажет. 

«Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан, бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз. Алдағы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны артуы мүмкін. Алайда, біз жедел жәрдемге кезек күткен пациенттер мен адам өмірін құтқарып үлгере алмай жатқан дәрігерлерді көргіміз келмейді», – деді министр. 

Сондай-ақ оқыңыз