Жаңалықтар

Биылғы ҰБТ қалай өтеді? Коронавирус кезіндегі тестілеудің ерекшелігі мен ережесі қандай?

Ел аумағында ҰБТ 20 маусымда басталады

Ұлттық тестілеу орталығының директоры бүгін брифинг өткізіп, республикада ұлттық бірыңғай тестілеудің қандай режимде өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, биыл ата-аналар тестілеуді толықтай онлайн режимде бақылай алады. 

  «Біз түлектердің ата-анасын не мазалайтынын жақсы түсінеміз. Сол себепті, ҰБТ тапсыру кезінде ашықтық болу үшін біздің орталық барлық шараларды қарастырды. Әрбір ата-ана мен туысқаны ҰБТ процесін бақылай алады. Ол үшін арнайы онлайн трансляция ұйымдастырылады. Трансляция сілтемесі жақын арада жарияланады. Ата-аналардың үйде қалуын өтініп сұраймыз. Бұл нәрсеге түсіністік танытыңыздар. Өйткені дәл қазір коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Көп адамның шоғырлануы біздің балаларымыз үшін қауіпті» дейді Дидар Смағұлов. 

 Директордың айтуынша, түлектердің өзімен бірге шпаргалка, телефон, роутер, құлаққап, басқа да артық-ауыс заттар алып кіруіне тыйым салынады. Бірақ әрбір аудиторияда орнатылған калькуляторды қолдануға рұқсат. Сондай-ақ ата-аналар және тест тапсырушылардың өтінішімен ҰБТ уақыты 10 минутқа ұзартылған. Әрбір аудиторияжа видео жазба жүргізіліп, барлық жазбалар 25 тамызға дейін қаралып, зерттеледі. Егер түлек тарапынан қандай да бір заң бұзушылық байқалса оның нәтижесі жойылады. 

  «Егер түлектен смартфон табылса, онда ол үшін емтихан аяқталды деген сөз. Бұрын талапкер ебін тауып смартфон алып кіре алса, жолы болып кетуші еді. Енді олай болмайды. Мәселен, былтыр бір баланың өзі 13 телефон алып кірген сорақы жағдайды да көргенбіз. Мұның бәрі процеске кері әсер етеді. Қаншама адам босқа уақытын жоғалтып күтеді. Сондықтан біз биыл бақылау шараларын қатаңдаттық. Егер талапкер металл іздеуші құрылғыға тыйым салынған затпен келетін болса онда оның нәтижесі жойылады, тестілеуге жіберілмейді және биыл қайта тест тапсыра алмайды. Осының бәрі басталмас бұрын ол алдымен ережелер жазылған құжатпен танысып шығуы тиіс. Оқушылар бәрін түсінеді және дұрыс қабылдайды деп сенемін» деді Смағұлов. 

 Сонымен қатар Дидар Смағұлов әу баста ҰБТ-ны стадионда өткізу туралы ой болғанын да жасырмады. 

  «Бір күнде стадионға 500-ден кем емес адам келеді. Сондықтан ҰБТ-ны аудиторияда өткізу әлдеқайда қауіпсіз деп шештік. Аудиторияда бір мезетте 25-30 адам отырады. Сандарды салыстырып қарасақ, екінші нұсқаның тиімді екенін байқаймыз. Соның өзінде барлық аудиториялардың 50 пайызы ғана толатын болады. Әрбір тапсырушы маска киеді, ал ғимаратқа кіру кезінде міндетті түрде 2 метр арақашықтық сақталады. Талапкерлер тексерудің 5 кезеңінен өтуі тиіс. Оның ішінде үстіңгі киімді дезинфекциялау үшін арнайы тунель де қарастырылған. Сондай-ақ қолды тазалау, термобақылау, аяқ киімді дезинфекциялау шаралары да жасалады. Егер талапкердің бірінен температура байқалса, онда оған медициналық көмек көрсетіледі» деді.

 Биылғы тест сұрақтары да барынша екшелген. Бұрынғыдай сорақы сауалдар болмайды. 

 «Өткен жылдардағы емтиханның сұрақтарына қатысты сын көптеп айтылды. Мен бұл жағдайларды өздеріңізге түсіндіріп, бүгін нүктесін қойғым келеді. Сұрақтарды еліміздегі ең тәжірибелі педагогтер, тәуелсіз сарапшылар дайындайды. Тест бір немесе бірнеше жауабы бар тапсырмалардан тұрады. Мұндай тапсырмалар білімнің толықтығы мен тереңдігін анықтауға мүмкіндік береді» дейді. 

Еске салсақ, биыл Қазақстанда ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Тестілеу коронавирус пандемиясына байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра дәстүрлі форматта өткізілмек. Осы жылы ҰБТ тапсыруға ел бойынша 131 мың талапкер өтініш білдірген.