Тойға кеткен шығын сайға кеткен шығын ба?
Карантин кезінде той жасауға рұқсат берілмеді. Тіпті ТЖ аяқталса да, көп адамның басы қосылатын жиындар өткізуге тыйым салынды. Бұл отбасы бюджетін сақтап қалуға жақсы амал ма, әлде жас жұбайлардың көңілін түсіретін жайт па? Осы ретте тойдан бас тартқандардың пікірін білдік.
Алғашқы кейіпкерлеріміз – Әділет пен Анар (кейіпкерлер аты-жөні өзгертілді). Той жасамау әлі мейнстримге айналмай тұрғанда осындай шешім қабылдаған.
«Біз 2018 жылы шаңырақ көтердік. Оған дейін бір жарым жылдай қыз-жігіт боп жүргенбіз. Сол уақыт ішінде ортақ қарызымыз көбейіп кеткен болатын. Әу баста бизнес ашамыз дегенбіз. Дегенмен екеуміздің саламыз да, мақсатымыз да екі түрлі болған соң жеке-жеке кәсіп бастауға шешім қабылдадық. Сөйтіп мен 100 мың теңге кредит алдым да, артынша жұмыстан шығып қалдым. Ай сайынғы төлемді төлеу үшін ол кездегі жігітім, қазіргі жолдасым несиемді жабу үшін өзі кредит алды. Қанша жерден «өзім төлеймін» десем де, көнбеді. Содан оның алдында өзімді қарыз сезініп жүрдім. Біраздан соң ол жұмысынан айырылып қалды. Бірнеше ай төленбей, процент өсе берді. Қаржылық сауатымыз нашарлау болып, несиені кейінге шегерте тұру туралы ойламаппыз. Сол қарызды төлейміз деп онлайн займдардың түр-түрін алдық. Сенсеңіз, бір жарым жыл ішінде әлгі 100 мың теңгеміз 1 500 000 теңгеге жетті. Айтып-айтпай не керек, кәсіп те дөңгеленбей қойды, қарызымыз бастан асты. Сөйтіп жүргенде 8 наурыз күні ол үйленуге ұсыныс жасады. «Отбасы болмағандықтан ақшаның басы бірікпей тұрған болар, берекесі кірер, үй болайық» деді. Ойлана келе, туған-туысқа бәрін ашық айтып, мойындаған жөн болады деп шештік. Той жасап береміз деген еді, оның орнына қарызымыздың жартысын болса да өтеп беруін сұрадық. Басында ұрсып, ренжігендері рас. Төркініме де бәрін айттық. Содан екі жақ жалпы алғанда 450 мың теңге жинап берді. Әкем – ІІІ топтағы мүгедек, анам жұмыс істемейді. Олардың қас-қабағын бағып, ештеңе сұрамадық. Өз еркімен 100 мың теңге мен көрпе-төсек, ыдыс-аяғымды шамасы келгенше әкеліп берді. Содан үлкен тойдың орнына құдалық жасап, екі жақ танысып, шағын ғана атап өттік» дейді Анар.
Ата-аналары берген ақшаны алып, Әділет пен Анар барлық қарызды есептеп, үш жылға жаңа кесте жасатады. Бүгінде кредиттің 20 пайызы қалыпты. Алты ай уақыттан соң, қарызсыз жаңа өмірі басталады деп мәз. Дегенмен қарызға батқанның салдары әлі де болсын алдынан кесе-көлденең шығып отырады екен.
Анардың айтуынша, мерзімінен асып кеткен төлемдер үшін кредит тарихы бұзылған. Сол үшін үй алуға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот аша алмапты. Мемлекеттік балабақшаға баласын орналастыруда да қиындық туған.
«Аста-төк той жасамай-ақ қарапайым өткізуге әбден болады. Есесіне, шығынды басқаша жұмсаса құба-құп. Өмір болған соң, басымызға түрлі жағдайлар туады. Сонша шығынданып той мен ұзату жасап, екі аптадан соң ажырасып кеткен таныстарым бар. Сол сияқты қарапайым атап өтіп, бақытты күн кешіп жатқандар қаншама?! Әрине, жағдай келсе, тұрақты жұмысы бар болса, жасағанда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, ешкімге салмай салмаса, өздері кредитке батпаса болғаны» деген ой түйіпті кейіпкеріміз.
Ақтөбелік Нұрбек пен Гүлжайнар осы жазда үйленуді жоспарлаған. Мұндай шешімге карантиннен бұрын келіпті. Дегенмен елдегі жағдайға байланысты жоспар біраз адамда өзгеріп жатқаны белгілі. Бір қызыңы, Нұрбек басынан бастап тойға көп қаржы шығындауға қарсы болған екен. Дегенмен жақындары өмірде бір болатын мұндай сәтті жақсылап атап өту керегін айтып, келіспей жүрген.
«Студент кезімде даяшы боп жұмыс істедім. Сол кезде тойдың түр-түрін көрдім. Ысырап көп. Содан бері көп шығын шығармай жасап, үлкендердің батасын алса жеткілікті емес пе деген ойда жүрдім. Әрі ішімде тойға кететін ақшаға үй алу немесе екі жақтың ата-анасымен бірге шетелге бару туралы идея пісіп жатты. Осы екі нұсқаны үйленерде жақындарыма айтып көрдім. Дегенмен екеуін де құп көрмеді. Себебі олардың түсінігінде той жасау міндетті еді. «Жұрттан ұят болады» деген әңгіме бар. Әке-шешем қалайда жасаймыз деп жүрді. Ұсынысым сол күйі қабылданбай қалған. Амалсыз ығына жығылуға тура келді. Той күнін белгіледік, сырға салу болды. Сөйтіп жүргенде елде карантин басталып кетті. Мейрамханада көп адамның басын қосып өткізуге тыйым салынды. 50 адамнан артық бас қосуға болмайды дегендіктен, күндіз және кешке екіге бөліп өткізетін болдық. Төтенше жағдай болмағанда қонақтар саны әлдеқайда көп болары анық еді» дейді Нұрбек ішкі ниеті іске асқалы жатқанына қуанып.
Той есік алдында, бұрынғы кездегідей шатырда өтетін болыпты. Шілденің 18-іне белгіленген. Күйеужігіттің сөзіне сүйенсек, басында Гүлжайнардың көңілі түскен.
«Әрине, қыз бала үшін ақ көйлек киіп, мейрамханада, күйеуімен қосылып ән айтып, құрбыларды жиғанның орны бөлек. Қиялында тойының қалай өтетінін елестетіп те қойған. Кортеж болса деп те ойлаған. Дегенмен өзара келісіп, келіншегімді көндірдім. Тойдың бюджеті әу бастағы жоспардан бірнеше есе аз шығатын болды. Соған қуаныштымын. Қазіргі есеп бойынша, 1,5 миллион теңге кетеді деп ойлап отырмын. Ал қалған сомасына үйіміздің іргетасы қаланады деп шештік» дейді Нұрбек.
Қалай десек те, биылғы тойлардың жөні бөлек. Пандемия кезінде тойға мораторий жариялау туралы ұсыныс та желіде желдей есіп жатыр.
«Әлемдік пандемея адамдарды көп нәрселерге басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Мен мұны тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік дер едім. Осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек. Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын болуы керек. Оған қоса тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяршылардың лайықталған айлықтарын, т.б. реттейтін баптар болуы керек. Оған қоса асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады. Нағыз өнер иелері ғана халықтың құрметіне лайық. Ондайлар халықтың қалтасын тонап, лотореялар ұйымдастырып, паразиттік тірлікпен айналыспайтын болады» дейді филолог, саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов.
Сіз не дейсіз?