Симптомсыз науқастар дегеніміз кімдер? Коронавирустің жеңіл және ауыр түрінің белгілері қандай болады?
Денсаулық сақтау министрі міндетін уақытша атқарушы Ләззат Ақтаева Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, журналистер сауалына жауап берді. Вице-министр коронавирус инфекциясына қатысты тың деректермен бөлісті.
Ләззат Ақтаеваның айтуынша, соңғы деректер бойынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 192 науқас тіркелген. Олардың 5 492-сі симптопсыз түріне шалдыққан. Соңғы тәулікте 383 адамның вирус жұқтырғаны анықталды және 600 адам симптомпсыз вирус тасымалдаушы болған. Өткен аптада Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Алматы облыстарында вирус жұқтырғандар саны күрт өскен.
«Қазір 5 795 адам стационарда ем қабылдап жатыр. Олардың 85 пайызының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. 12,8 пайызы орташа ауыр деңгейде болса, реанимация бөлімінде 112 науқас ем қабылдауда» деді ол.
Министр міндетін атқарушы симптомсыз науқастар дегеннің қандай болатынын да түсіндірді. Аурудың жеңіл және ауыр түрінің де белгілерін атады.
«Симптомсыз вирус тасымалдаушы дегеніміз – 14 күн ішінде ешқандай клиникалық жағдайдың көрініс бермеуі, өз-өзін нашар сезіндім деп шағым айтпауы. Яғни, 14 күннен соң науқасты симптомсыз деп бағалауға болады. Бұрын клиникалық ахуалына қарамастан біз адамдарды стационарға жатқыздық. Қазір симптомсыз науқастар амбулаториялық бақылауда. Ондай кезде науқас үй жағдайында оқшауланып, ем қабылдайды. Егер басы ауырмаса, жөтелмесе, тыныс алуы нашарламаса, бойынан әлсіздік байқалмаса, бұлшық еттері ауырламаса үй жағдайында емделеді. Дәрігер үш күнде бір рет видео-консультация жүргізіп тұруы тиіс. Егер емделушінің бойынша екі апта ішінде симптомдар байқалса онда оны инфекциялық стационарға жібереміз. Ал егер симптомдары байқалмаса онда ПЦР-тест тапсырмай-ақ қалыпты өміріне оралады» дейді.
Ақтаеваның айтуынша, аурудың жеңіл түрі – қиналып тыныс алудың болмауы, яғни, ентігудің байқалмауы. Тыныс алу қозғалысы минутына 24 рет болуы; температура қалыпты немесе 38 градустан аспауы; тамыр соғысы минутына 80 реттен аспауы тиіс. Сонымен қатар жұтқыншақтың қызаруы, мұрын бітелуі, жөтел белгілері байқалмаса ол да аурудың жеңіл түріне жатады. Ал тыныс алуыңыз жиілесе, бас ауырса, әлсіздік байқалып, терлесеңіз, бұлшық ет ауырып, асқа тәбет болмаса, жүрек айну мен құсу көбейсе, бұл жағдайдың нашарлағанын анық аңғартады. Мұндай белгілерді байқаған бойда дәрігерге хабар беру керек.
Сонымен қатар вице-министр елімізде Covid-19 індетін жұқтырғандарды жатқызатын төсек-орын жеткіліксіздігі туындап жатқанын, соған байланысты жоспарлы операциялар саны қысқаратынын айтты.
«Қазір КВИ-ге шалдыққан науқастарды жатқызатын төсек-орын үш типке бөлінеді: стационарлық, реанимациялық және уақытша орындар. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша стационардағы орын жетіспеушілігі 68 пайызды құрайды. Әсіресе, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында орын жетіспеушілігі қатты байқалып жатыр. Реанимацияда 119 науқас жатыр. Қазақстанда уақытша тыныс алдыратын 3 294 аппарат бар. Егер жетіспеушілік байқалса онда олар реанимациялық бөлімдерге бөлістіріледі. Төсек жетіспеушілігін жоспарланған ауруханаға жатқызу және операция санын қысқарту арқылы шешуге болады. Ондай жағдайда орындар босайды» дейді вице-министр.
Соңғы дерек бойынша елімізде 9 488 адам коронавирустан айығып, үйлеріне оралған.