Жаңалықтар

Алматыда карантин шаралары күшейтілді

Шаһарда қандай мекемелер жұмысын тоқтатпайды?

Сағынтаев тұрғындардың түсіністік танытуын сұрады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында 20-21 маусымда мегаполисте карантин шараларының күшейтілетінін, соған орай тұрғындардың түсіністік танытуын сұрап жазба жариялады. 

    «Қауіпті індеттің ушыға түсуіне байланысты Үкімет эпиджағдайды тұрақтандыру бойынша жаңа шараларды қолға алды. Осы орайда Алматыда да карантин режимін күшейту бойынша шаралар қабылданды. Сенбі-жексенбі, яғни 20-21 маусым күндері ірі сауда және қызмет көрсету нысандарының, қоғамдық көліктің қызметі тоқтатылады.Бұған қоса саябақтар, скверлер мен жаяу жүргіншілер аймағы, өзендер мен су қоймаларының жағалаулары, тау шаңғысы курорттары және басқа да қоғамдық орындар жабылады. Осыған байланысты қала тұрғындарын бұл жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырамын. Карантин шараларын босаңсыту – COVID-19-дың өршуіне әкеп соқты. Қала тұрғындарынан көшеде жүруін шектетуін сұраймыз. Әсіресе қарт адамдардың үйде отырғаны абзал. Қауіпі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзімізге байланысты екенін естен шығармайық. Барлық туындаған сұрақтар бойынша 1308 нөміріндегі call-орталыққа хабарласуға болады», – деп жазған қала әкімі.

Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері үй жанындағы дүкендер мен аптекалар, сұлулық салоны, ТЖО, көлік жуу және спа салондары жұмысын жалғастыра береді. Яғни, адамдар мейлінше аз жиналатын және вирус жұқтыру қаупін туындатпайтын қызмет көрсету орындарына шектеу жасалмайды. Сонымен қатар тауар және тамақ жеткізу қызметі де жұмысын жалғастырады. Ал қоғамдық транспорт дүйсенбі күні таңғы 6-дан қайтадан жұмысқа кіріседі. 

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингте карантин режимінің қай деңгейде күшейетінін айтты. 

  «Қазір біз жағдайды бақылап отырмыз. Егер ауру деңгейі күн сайынғы 7 пайыздық өсіммен жалғаса беретін болса онда қосымша карантиндік шаралар қолға алынады және қазіргі шектеу шаралары созылады. Дәл қазір қаладағы ауру деңгейі 5 пайыздан төмен.  Біздің мақсатымыз – осы позицияны ұстап қалу ғана емес, күн сайынғы ауру жұқтыру көрсеткішін 1 пайыздан төменгі шекке дейін төмендету», – дейді Бекшин. 

Оның айтуынша, 20-21 маусым күнгі қатаң карантин шектеулерін бақылау полиция департаментіне жүктелген. Патрулдік-бекет қызметі патруль жасап, бақылайды. Ереже бұзушыларға бастапқыда ескерту жасалады, егер азаматтар оған құлақ аспаса онда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылмақ. Бекшин сондай-ақ қала шекараларына блок-бекеттер қойылмайтынын, азаматтар қала мен облыс арасында емін-еркін қозғала алатынын да мәлімдеді. 

Бас санитар дәрігердің сөзінше, қазір қаладағы ахуал қиындап бара жатыр. Шаһарда симптомсыз науқастар саны артқан. 

    «Соңғы екі аптадағы жағдайды айтар болсақ, 3 маусымнан бері коронавирус инфекциясын жұқтыру мөлшері екі есеге өскен. Инфекциялық стационарлардағы науқастар саны 95 пайызға дейін көбейді. Егер наурыз айында ауру деңгейі сырттан келушілер есебінен көбейсе, сәуір айында біз халыққа диагностика жасауды және осал топтармен жұмыс істеуді арттырдық. Ал маусым айында ауру деңгейі азаматтардың өздерінің хабарласып, қаралуы арқылы анықталуда», – деді Жандарбек Бекшин. 

Бас санитар бұл ретте «Рахат» фабрикасының өз еркімен екі аптаға жабылғанын, ал «Көк базар» сот шешімімен бір айға жабылғанын және аталған сауда орнына санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 1 млн 722 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын да айтты. 

Қазіргі таңда қалада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 217 жағдайы тіркеліп отыр.