Еліміздің бірнеше өңірінде пневмония күрт өршіді

Жарияланды
Бұл коронавирустің өзгеріске түскен түрі ме?

Өкпе ауруынан көз жұмғандар саны артуда.

Соңғы бірнеше күн көлемінде еліміздің бірнеше аймағында пневмония диагнозымен ауруханаға түсу дерегі еселеп артып жатыр. Әсіресе, Ақтөбе мен Түркістан облысындағы ахуал қиын. Соңғы дерек бойынша екі күн ішінде 200-ге жуық ақтөбелік пневмония дертіне шалдыққан. Ауыр жағдайда түскен науқастарды дәрігер емдеп үлгере алатын емес. Қазірдің өзінде 8 адам көз жұмған. 

 

    «Қазір бос орындар тек теміржол ауруханасында ғана бар болғандықтан, адамдар дәлізде жатуға мәжбүр. Өткен түні 20 дәрігердің орнына 4 дәрігер мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бір ғана өкілі жұмыс істеді. Екі адам жұмысқа келіп, бас тартты. Олардың өзінің денсаулығы мәз емес», – депті денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова республикалық КТК телеарнасына берген сұхбатында.

 

Мамандардың айтуынша, пневмонияның күрт өршуі адамдардың ерекше қаупін туғызуда. Облыстық «Диапазон» басылымы күн сайын 100 адам пневмония диагнозымен ауруханаға түсіп жатқанын хабарлады. Бұл коронавирустің өзгеріске түскен өзгеше бір түрі болуы да ықтимал. 

 

Ал Түркістан қаласының тұрғыны Алмас Әділбеков екі күн бұрын анасын ауруханаға жатқызған. 

 

       «Дене қызуы қатты көтеріліп, жөтел қысып жедел дәрігер шақырттық. Ауруханада орын жоқ. Әрең дегенде палата табылды. Қазір жағдайы бірқалыпты. Бірақ тек ол кісі ғана емес, біздің көшеде тұратын егде кісілердің барлығы дерлік тура осылай ауырып жатыр», – дейді Алмас. 

 

Белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар Фейсбук желісіндегі парақшасында бір апта ішінде бірнеше жақын туысының көз жұмғанын жазады. 

 

       «Айналасы бір аптаның ішінде алақандай ауылдан 5-6 кісі қайтты. Олардың ішінде менің екі бірдей нағашым бар. Бүгін анамның туған сіңілісі Жүсіпбекқызы Пернекүл апамның жетісін беріп болып, түс қайта анамның ағасының үлкен ұлы –  Тастанбекұлы Әлмұрат нағашымды жер қойнына тапсырыпты. Бәрінде бір диагноз, пневмония. Ең қиыны –  барамын десем анам «келме, ауру өршіп тұр, тынышталғасын келесің, бала-шағаңа ие бол, қазір бұл жақта ешкім-ешкімге өкпелейін деп жатқан жоқ, адамнан адам үркіп жүр» деп рұқсат бермей отыр. Мен бәрінен де сол кісіге алаңдаймын. Өзі де сырқаттанып, бері қарай бастағанда, бірінің артынан бірі кеткен бауырлары оңайға соқпай отыр. Кентау қаласында туған жеңгем емханада жатыр. Оның айтуынша да жағдай мәз емес. Емханада орын жоқ. Қарап жатқан адам жоқ, бес-алты күннен бері КВИ-ға тестті енді тапсырған. Онда да қосымша қоңырау соғылғаннан кейін ғана. Құдай сақтап, ондай болмай шықты. Бірақ барлық симптомдары ұқсайды. Ыстықтың көтерілуі, ауа жетпей қалу, сүйектердің сырқырап ауыруы. «Ауырған адамда есеп жоқ» дейді. Мен созбайын деп бергі жағын ғана жазып отырмын. Барлық науқастарға Алла шипа берсін!», – деп жазады ол. 

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 14 маусым күнгі таратқан ақпаратында пневмония жұқтырған науқастар саны артқанын растайды. 

 

       «Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасына тұмау белгілерімен дәрігерлік көмекке азаматтар жиі жүгінуде. Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалады. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталуда. Ауруханаға түскен азаматтардан шұғыл түрде Covid-19 инфекциясына талдама алынады. Талдама анықталғанға дейін олар провизорлық бөлімде ем қабылдауда. Теріс нәтижесі шыққандары аурухана бөлімдеріне жатқызылып, тиісті емдерін қабылдауда. Науқастар негізінен пневмонияға шалдыққан. Тексеру барысында коронавирус инфекциясына теріс нәтиже шығуда. Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша провизорлық ауруханаларда 121 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Жалпы, 87 азамат жазылып шыққан» делінген әкімдік хабарламасында. 

 

Дегенмен одан бері бірнеше күн өткенін ескерсек, жоғарыдағы цифр санының да өсе түскені анық. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаеваның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі инфекциялық стационарлардың 75 пайызы науқасқа толған.

 
     «Инфекциялық стационарларда 7 544 төсек бар болса, соның 75 пайызында науқастар жатыр. Стационарларға қосымша 373 реанимациялық төсек орналастырылған. Оның әрбір үшіншісінде ауыр жағдайдағы адамдар жатыр. Елдегі 3 294 жасанды тыныс алдыру аппараты қажет болған жағдайда барлық реанимациялық бөлімдерге үлестірілетін болады», – деді онлайн брифингте сөйлеген сөзінде. 

 

Ақтөбе медицина орталығының бас дәрігері Рүстем Исаевтың айтуынша, адамдарда пайда болып жатқан ауру кәдуілгі салқындатқыштан туатын бактериалды пневмония емес, вирусты пневмония. 

 

      «Біз қан алып, вирусологиялық лабораторияға жібереміз. КВИ нәтижесі теріс болып келеді. Бірақ белгілері соған өте ұқсас. Қазір ауырған адамдар көбеюде. Жеңіл түріне шалдыққан, уақыт өткізіп алған, өте ауыр жағдайдағылар да бар. Бойында ауру белгісі байқалмайтын вирус тасымалдаушылар болады. Дене қызуы көтеріліп, жөтеліп, сауығып кететіндер болады. Олар иммунитеті мықты адамдар. Аллергиясы, созылмалы өкпе ауруы бар адамдарда бұл дерт өте ауыр болады. Бұл әдеттегі пневмония болмағандықтан оны емдеу шығыны өте жоғары», – дейді Рүстем Исаев. 

Мамандардың айтуынша, вирусті пневмония тура тұмау секілді басталады. Басты белгілері – әлсіздік, 38 градустан асқан дене қызуы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз