Үйде отырып-ақ алуға болатын құжаттар тізімі белгілі болды

Жарияланды
Сондай-ақ министр азаматтарға қандай жағдайда өтемақы берілетінін де айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген әділет министрі Марат Бекетаев ведомство қолға алған жаңалықтармен бөлісті. Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету саласында тіркеуді жеңілдету, құжаттар мерзімі мен тізімін қысқарту, бірқатар мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша бастамалар бар.

 
Бұдан былай азаматтарға мейлінше ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің экстерриториалды қағидасы енгізілмек. Яғни, азамат қандай да бір куәлікті алуы қажет болған жағдайда қай өңірде өмірге келгені, қай аймақта тіркеуде тұрғанына қарамастан кез-келген тіркеуші органнан керек құжатын ала алады. 

Сонымен қатар тіркеуші орган мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен ала алатын – сот шешімі, медициналық куәлік, ҚР-дағы акт жазбалары туралы мәлімет секілді құжаттарды азаматтардың ұсынуы да алынып тасталды.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға орай азаматтық хал актілерін тіркеуге алудың кейбір түрлері де жойылды. Бұдан былай екі куәліктің орнына (бала асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәлік) тіркеуші орган баланың дербес деректері және ата-анасы туралы деректері қамтылған бір ғана куәлік береді.

Министр айтқан тағы бір жаңалық – ендігі ретте сапасыз заңдық көмек алу кесірінен зардап шеккен азаматтар сақтандыру өтемақысынан үміттене алады. Атқарушылық іс жүргізуге қатысқан және әлеуметтік, қаржылық тұрғыда қиын жағдайға қалған азаматтарға көмек көрсету үшін жеке сот орындаушылардың республикалық палатасында «Әлеуметтік қор» құрылған. Қор өз еркімен қаржылай қолдау білдіретін және жеке сот орындаушыларының жарнасы есебінен жұмыс істейді. Ал қор жұмысын бақылау аталған палатаның қамқорлық кеңесіне жүктелген.

Министр 2019 жылдың 1 қаңтарынан бері әлеуметтік, қаржылық қиындықта қалған азаматтар үшін тегін кешенді әлеуметтік заңдық көмек қарастырылғанын да мәлімдеді. Ондай көмекті адвокаттар мен заң кеңесшілері клиент хабарласқан сәттен бастап оның мәселесі толық шешімін тапқанға дейін көрсететін болады.
 
Дұрыс емес заңдық көмек алған азаматтар (адвокат пен заң кеңесшісінің әрекетсіздігі немесе құжаттарды дұрыс рәсімдемеуі) сақтандыру өтемақысынан үміттене алады. Ендігі ретте азамат заңдық көмек алу туралы келісім жасасқан кезде адвокаттан (немесе заң кеңесшісінен) кәсіби жауапкершілікті сақтандыру туралы келісімшарттың көшірмесін талап етуі тиіс. 

Ал 2020 жылдың шілде айынан бастап бүкіл республика аумағында кепілді электронды тіркеу шарасы басталмақ. Министрдің сөзінше, жылжымайтын мүлік иелерінің уақыты мен қаржысын үнемдеу мақсатында екінші деңгейлі банктермен келісе отырып кепіл мүлігін тіркеу электронды форматқа көшірілмек. Яғни, осы келісім нәтижесінде жылжымайтын мүлік иесі құжат тапсыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып әуре болмайды. Кепіл туралы мәліметті банктер тіркеуші органға электронды форматта жіберіп отырады. Тіркеу бір жұмыс күні ішінде реттеледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз