Брюссельде Қазақ мәдени орталығы ашылды

Жарияланды
Болашақта бұл орталықта Қазақстаннан асырап алынған балалар өз елінінің тарихымен таныса алады

Брюссельде Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі жанындағы «Тіл-Қазына» қазақ мәдени орталығы өз есігін ашты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінің Елшілігі мәлімдеді.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан сөйлеген сөзінде Елшілік Қазақ мәдени орталығы арқылы Қазақстанның бай, көп қырлы мәдениетін және тарихын насихаттауға ниетті екенін атап өтті. 

Орталықта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақтар, Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы семинарлар, тіпті қазақ қолөнері мен қазақ тағамдары бойынша шеберлік сыныптарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Орталықта екі жыл бұрын Елшілік құрған қазақ би орталығы өз жұмысын жалғастырады. Балаларға «Қазақ тiлi мен қазақ әдебиетінің оқытушысы – Филолог» мамандығы бойынша дипломы бар мұғалім, елшілік қызметкерінің жұбайы Мейіргүл Сабаз үйретеді.

Ашылу рәсімінен кейін Қазақстан елшілігінің балалары көрермендердің қошеметіне бөленіп, «Қамажай» қазақ биін және «Мен қазақтың ұлымын» әнін орындады

 «Болашақта біз Қазақстаннан асырап алынған балаларды, сондай-ақ қазақ диаспорасын мәдени орталығымыздың жұмысымен таныстыруды жоспарлап отырмыз. Олар үшін отанымен байланысын сақтауға орталығымыз себепкер болады деген үміттемін. 

Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз. Әр ұлт ана тілінің өзіндік ерекшелігімен, қалыптасуымен дараланады. Халқымыздың өткені мен болашағы, баға жетпес байлығы – ана тілі. Олай дейтін себебіміз, тіл – халықтың ұлттық болмысы, сәні, кескін-келбеті, тарихы.

Мәдени орталығымыз бәрімізге ортақ «қазына» болады. «Қазынамызды» байытуға, кітап қорын көбейтуге, түрлі қызықты материалдар іздеуге бәріміз жұмыла кірісуіміз керек. Ал, ендеше іске сәт!», – деді Елші А. Кұспан.

Сондай-ақ оқыңыз