Бейсен Құранбектің Beisenkuranbek Instagram парақшасында туысқандарының жазбасы жарық көрді.
Қадірменді ағайын!
Ұлтын сүйген ұл, асыл азаматымыз Бейсеннің ортамыздан кеткеніне де айдан асты. Оған арналған өлеңдер, оның жасаған жақсылықтары, айтқан сөздері туралы жазбалар легі әлі де толастар емес. Халықтың ол кісіге деген зор ықыласы жан тебірентіп қуантса, оның бұл өмірден озғаны жүректегі жараның аузын тырнап, жылатады.
Ел аман, жұрт тыныш болса, осы айдың жиырма алтысында Бейсекеңнің өзінің туған ауылы Қызылжарда және жиырма жетісінде Талдықорғанда қырық күндігіне арнап ас беруді ұйғарған едік. Алайда заманды себеп билейді дегендей, бар әлемді әбігерге салған аты жаман індет соңғы аптада біздің жерімізде де жағдайды ушықтырып тұр. Осыған дейін ел арасында ешкімнің танысы ауырған жоқ, бар ауру ма, жоқ ауру ма деген сынды сенбеушілік басым болғаны рас еді.
Енді жан-жақтан нақты адамдардың ыстығы көтеріліп, тынысы тарылып жатқанын естіп, ауруханаларда дертке шалдыққандардың саны көбейіп жатқанын жаңалықтардан біліп отырып, бұл шараны өткізгеніміз қаншалықты дұрыс деген ойға қалдық.
Бейсекеңді жерлегенде келе алмаған, топырақ сала алмадым, отбасына көңіл айта алмадым деген кісілер аяқтарын үзеңгіге салып, жолға шыққалы отырғаны туралы да білеміз.
Әйтсе де қазіргі жағдайды ескере отырып, жалпыға ортақ карантин ережелерін бұзбау мақсатында, өзіміздің де, өзгелердің де денсаулығына нұқсан келтірмеу мақсатында қырық күндігіне көпшілікті дастарқанға шақыру деген жоспарымыздан бас тартуға мәжбүрміз.
Бізге бұл шешімге келу оңай болмады. Бейсекең өзі болса, бұл жағдайда не істер еді деген сауал қойдық. Біз білетін Бейсекең бірінші кезекте өзін емес, айналасындағы адамдардың қамын ойлап, дұрыс тәртіпті белден баспай, ақылға сыйымды амалын жасар еді. Сол қисынмен ел-жұртты бір жерге жинамай-ақ, қасиетті жұма күні Құран оқып, дұға бағыштайық деген тоқтамға келдік. Біздің бұл ойымызды түсініп қабылдауларыңызды сұраймыз.
Құранбек әулеті