Бьюти индустрияның жаңа тынысы
Пандемияға дейін бьюти-индустриядағы сатылымның 85 пайызға жуығы сол дүкенге барып алу арқылы түсетін деп жазады vc.ru . Тіпті интернеттің майын ішкен жаңа заман адамы болса да, онлайн тапсырыс беруге құмар емес-етін. Дегенмен коронавирус тарала бастаған сәтте косметика сататын жердің бәрі жабылды. Сондықтан кәсібін әрмен қарай жүргізу үшін онлайн жұмысқа жаппай көшті. Үйден жұмыс істегендіктен әрі далада медициналық бетперде киіп жүру міндеттелгендіктен әйелдер тіпті помада жағудан қалды. Сыртқа шықпаса, парфюм де бұрынғыдай тез таусылмайтын болды. Соған байланысты сауда да сәйкесінше 55 және 75 пайызға азайған.
Алпауыт брендтердің амалы
Dior, Guerlain и Givenchy сияқты белгілі брендтердің косметикасын шығаратын LVMH зауыты санитайзер өндіріп, оны жергілікті ауруханаларға жеткізіп беріп отырды. Америкалық Mary Kay маркасы да дезинфекция құралдарына жасауға көшті. Коронавируспен күрес штабының қажетіне жарасын деп ең көп күш салған Faberlic екен. Сонымен бірге Dyson маркасының негізін қалаушы, миллиардер Джеймс Дайсон Ұлыбритания үкіметінің тапсырысымен 15 мың өкпені жасанды вентиляциялау аппаратын жасап шығарған. L’Occitane болса, дәрігерлерге қолға арналған крем таратты.
Неліктен опа-далапқа сұраныс азайды?
Карантин кезінде әйелдер қауымы косметика қолдануды азайтқаны белгілі. Үйде отырғандықтан күнделікті опа-далап жақпайды. Оның орнына бет пен тері күтіміне көбірек көңіл бөлуді жөн көре бастады. Біз айтып отырған skincare сегментінің сұранысы көбейгенін сандарға қарап та біле аламыз. NPD Group компаниясының деректеріне сүйенсек, АҚШ-та 22-20 ақпан аралығында бір апта ішінде косметика сатылымы 4 пайызға өссе, тері күтіміне арналған өнімдер сұранысы 13 пайызға артқан. Әлбетте, үйде көбірек уақыт өткізетіндіктен денеге арналған кремдер арқылы антистресс процедуралар жасау трендке айналғаны түсінікті.
Lipstick effect жайлы
Соңғы 60 жыл ішінде сұлулық индустриясы экономикадағы түрлі қиындықтарға темірдей төзімді болып келді. Дағдарыспен бетпе-бет келе қалған жағдайда да сурылып алғашқылардың бірі болып шығатын. Біле білсеңіз, lipstick effect деген термин бар. Ол дегеніміз — қаржылық жағдайы қиындаған кезде әйел дизайнерлік қымбат киімдерден бас тартып, көңілін толтыру үшін косметика алатын күй.
Онлайн тапсырысқа ашылған жол
Пандемияға жейін бьюти-индустриядағы сатылымның 85 пайызға жуығы сол дүкенге барып алу арқылы түсетін деп жазады vc.ru . Тіпті интернеттің майын ішкен жаңа заман адамы болса да, онлайн тапсырыс беруге құмар емес-етін. Дегенмен коронавирус тарала бастаған сәтте косметика сататын жердің бәрі жабылды. Сондықтан кәсібін әрмен қарай жүргізу үшін онлайн жұмысқа жаппай көшті.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Карантин кезінде күнделікті бет күтіміне керек өнімдерге тапсырыс арта түсті дейді Muslim sisters secret маркасының Нұр-Сұлтан қаласындағы реси өкілі Қымбат Жақсылыққызы. «Әдетте жұмысқа көп көңіл бөліп, бет және тері күтіміне уақыты бола бермейтін әйелдер пандемия кезінде өз келбетіне ерекше мән бере бастады. Біздің өнімдеріміздің ішінде базалық, яғни кез келген әйелге ең қажет түрлерінің сұранысын айтсақ болады. Оларға не кіреді? Бет жууға арналған гель, тазартатын тоник, ылғалдандыратын крем және көз айналасының күтіміне арналған кремдерді алушылар көбейді. Негізгі тұтынушыларымыз — аналар. Бұлай дейтінім, клиенттеріміздің көбімен байланысты болып, содан түйгеніміз — осы. Өнімдеріміздің сұранысы артуына бірден-бір себеп — халал болғаны. Бұл дегеніміз — сапалы өнім деген сөз. Зәмзәм суынан жасалған алғашқы косметика болғандықтан көбі елең етіп, қызығып жатады. Мұсылман қауым ерекше қуанышпен қабылдады» дейді Қымбат Жақсылыққызы.
Халал өнім демекші, әлемдік бьюти-индустрия бұл бағытқа үлкен қызығушылық танытып жатыр. Мысалы Estee Lauder және Shiseido сияқты күллі әлемге белгілі брендтер «халал» белгісін алды. Orly тырнаққа арналған лак шығаратын марка MuslimGirl платформасымен бірлесіп, халал лак коллекциясын шығарып жатыр. «Құрамында зәмзәм суы барын естігенде жүрегім елжіреп кетті. Осы косметиканы пайдаланамын деп бекіндім» деген пікірлерді жиі еститінін атап өтті кәсіпкер. «Бизнесті адал жүргізуге тырысамыз. Өйткені Исламдағы сауда жасаудың басты талабы сондай. Қызмет көрсету сапасына да ерекше көңіл бөлеміз. Клиенттер риза болғанын қалаймыз. Ресми өкілдеріміздің бәрі — білікті маман. Кеңес берерде бәріне мұқият қарайды. Әр клиентпен жеке-жеке қарым-қатынас жасаймыз. Дегенмен кейде сұраныс тым көбейіп кеткенде жауап беруге үлгермей жататын кездер болады. Шағын кәсіпкерлік болғандықтан, сұраныс кейде шарықтау шегіне жетсе, кейде саябырсып қалады. Әрі өнімнің өтімді болуы жыл мезгіліне тікелей байланысты. Айталық, қазір жаз кезінде күннен қорғайтын кремдерге сұраныс өте жоғары» деп осы саладағы сұраныс жайлы пікірін бөлісті Muslim sisters secret өкілі.
Шағын кәсіптің дағдарыс не төтенше жағдай кезінде аман қалатын қосымша сценарийі болуы керегін биыл бизнес иелері жақсы түсінді. The Steppe редакциясы косметика мен күтімге арналған өнімдер шығаратын әлемдік бьюти-концерндермен жұмыс істейтін The Insider агенттігінің маманымен сұхбаттасқан. Сол материалда PR-агенттіктің басқарушы серіктесі Михаиль Коваль шағын бизнесі барларға үш кеңес берді. «Вирусқа қатысты жағдай осындай үлкен ауқым алып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Шағын бьюти-бизнес иелерімен сөйлескенімде олар өнімдері таусылуға қалғанын және жақын арада жаңасын алуға шамасы келмейтінін айтқан еді. Бірінші кеңесім: маркетингті дамытуға қатысы жоспар болуы керек. Яғни қолыңызда дайын механикасы мен құралдары бар «шабаданыңыз» болсын. Екінші айтар кеңесім: тапсырысты үйге жеткізу жағын реттеу. Онлайн жеткізу сапасына қарап, біздегі біршама компаниялардың карантинге дайын болмағанын байқадық. Үшінші кеңес: персоналды оқыту, олармен тығыз жұмыс істеу. Осылайша болашақта солардың ішінен бренд-амбассадор шығару қажет» деп кеңес берген.