Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бизнес ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады,-деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Р. Дәленов атап өткендей, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, сондай-ақ халық үшін тауарлар мен қызметтер өндірісінің басты факторы», — деді ол.
Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнесті қолдау өзекті болып отыр. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандырулар берілді, несиелендіру кеңеюде және бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда.
2019 жылы экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ды құрады. Өткен жылы шағын және орта бизнес 31,2 трлн теңгеге өнім өндірді. Республика бойынша 3,4 млн адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.
«Бизнес ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан реформалар Қазақстанның Doing Business рейтингінде 25-ші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін бизнес ахуалды жақсарту бойынша бірқатар шара қабылданды. Бұл — салықтық ынталандыру, тексерулерді қысқарту және несиелеуді кеңейту. Сонымен қатар экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі жыл соңына дейінгі Кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Арнайы Мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде», — деп атап өтті министр.
Орта мерзімді перспективада кәсіпкерлік қызметті дамытуда «жаңа күн тәртібі» әзірленетін болады. Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту бағыты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық жоспарында реттеледі.
Салықтық ынталандыру бойынша қабылданған шаралар
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимін қолданатын шағын және микро бизнес субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылды.
Экономиканың түрлі саласында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілді.
2020 жылғы 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.
Сондай-ақ 1 маусымға дейін салықтық әкімшілендіру және бақылау шаралары тоқтатылды. Барлық шағын және орта бизнес субъектісі үшін барлық салық пен әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді.
Тексерулерді қысқарту бойынша қабылданған шаралар
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап үш жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізілді. Сонымен қатар жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектісі үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданыста. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсінікті адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген кредит беруді кеңейту бойынша қабылданған шаралар
«Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыздың соңғы құны қазір енді 6%-ды құрайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі 5 жылды құрайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі 10 жыл.
Кепілдік беру құралы жақсартылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша кепілдіктер қарыз сомасының 85%-ын құрауы мүмкін. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кепілдік несие сомасының 50%-ын құрайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл шағын және орта бизнеске қызмет түріне қарамастан бағдарламаға қатысушы болуға және жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік береді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тауарлар мен қызметтер тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Осы бағдарлама бойынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Сонымен қатар Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты.
Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8%-бен беріледі. Аталған бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінеді.
Жалпы, несиелеуді ұлғайту үшін көптеген шектеу алынды, тетіктер жеңілдетілді және қаражат көлемі ұлғайтылды.
Бүгінде барлық бағдарлама бойынша кредиттік портфель 1,1 трлн теңгені құрайды. 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу болып табылады. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен несиелер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады.
Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін беріледі. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды.
Сонымен қатар мемлекет несие мөлшерінің 85%-на дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Несиені коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді.
Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі.
Бағдарламаның негізгі мақсаты микро және шағын бизнесті жеңілдетілген несиемен максималды қамту болып табылады.
«Экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша қабылданған Кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа серпін береді», — деді Р. Дәленов.
Кешенді жоспар биылғы 20 мамырда қабылданды. Ол салықтық ынталандыру және әкімшілендіруді оңтайландыру, экспортты дамыту және импортты алмастыру, өнеркәсіпті дамыту қорын құру және басқаларды көздейді.
Бизнес ұсыныстары бойынша Кешенді жоспарға қосымша бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар әзірленді. Олар биылғы 18 маусымда Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданды.
Еліміздің барлық өңіріндегі бизнес өкілдерінен өзекті мәселелер бойынша келіп түскен ұсыныстар жүйеленді.
Қосымша шаралар сатып алу, қазақстандық үлесті қамту, ауылшаруашылық техника лизингі, кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндіктерін, тауарларды экспортқа шығаруды және рәсімдерді оңайлатуды көздейді. Шаралар кәсіпкерліктің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған. Барлық шара бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар анықталды және мерзімдері белгіленді.
«2020 жылғы 18 маусымда Парламент бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі заңнамалық бастамалардың жаңа пакеті қабылдады. Бұл реформалардың 8-ші пакеті. Жаңа заң жылжымайтын мүлікпен жасалатын келісімдердің қауіпсіздігін арттыруға және кәсіпорындарды тіркеуді жеделдетуге бағытталған», — деді министр.
Сондай-ақ заңмен бірқатар қызметті электрондық форматқа ауыстыру, электр желілеріне қосу және техникалық жағынан күрделі емес объектілерді салу кезінде рәсімдерді қысқарту көзделген.
Бұл жұмыстың алдында реформалардың жеті пакеті қабылданды. Бұл лицензиялардың санын екі есе қысқартуға, өзін-өзі реттеуді енгізуге және бизнесті тексеру үшін негіздер тізбесін екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта 2025 жылға дейінгі Cтратегиялық даму жоспарының жаңа редакциясын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа экономикалық бағыттың негізгі бағдарлары айқындалады.
Экономикалық бағыттың маңызды бөлігі кәсіпкерлікті дамытудың «жаңа күн тәртібі» болады. Бұл:
Реттеушілік апелляция институтын енгізу. Кәсіпкерлер мен бизнес-ассоциациялардың шағымдары бойынша апелляциялық тәртіппен орталық және жергілікті атқарушы органдар актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру тетігін енгізу ұсынылады. Яғни бизнеске кедергі келтіретін шешімдер тез жойылуы және түзетілуі мүмкін.
Бақылау мен қадағалаудан түсетін жүктемені төмендету. Бұл жоспарлы тексерулерден «кәсіпорындарды диагностикалауға» көшу. Бизнестің мұндай диагностикасы жауапкершілікке тартпай жүргізілетін болады және жоспарлы тексерулер санын азайтуға мүмкіндік береді
Нарыққа кіруді жеңілдету үшін лицензиялар мен рұқсаттарды максималды қысқарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Қызметтерді цифрландыру шеңберінде бизнес үшін барлық қызмет түрлерін электрондық нысанда толық қамтуды қамтамасыз ету ұсынылады.
Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады. Шағын және орта бизнес «пікір жетекшілерімен» тікелей өзара іс-қимыл күшейтіледі.
Жаңа орта мерзімді шараларды іске асыру кәсіпкерліктің сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар шағын және орта бизнесті нығайтуға көмектеседі. Бәсекелестікті дамыту және кәсіпкерлік қызметке араласуды қысқарту бизнес ортаны едәуір жақсартады.
Жеңілдетілген қаржыландыру құралдары жаңа кәсіпкерлік бастамалар үшін маңызды демеу болады.
«Осының барлығы 2025 жылға экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 35%-ға дейін арттыру стратегиялық міндетінің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Р. Дәленов.