ҚР Парламенті Мәжілісі журналистерге арналған «Парламент сөзі» жүлдесінің қорытындысын жариялап, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздарын анықтады.
«Қазақ радиолары» серіктестігі «Арнайы репортаж» аталымы бойынша үздік деп танылды. «Қазақ радиолары» серіктестігіне Қазақ радиосы, Шалқар, Астана және Классик радиолары кіреді. «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы — «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаевтың айтуынша радиоарналардан Парламенттің тыныс-тіршілігіне қатысты бірнеше радиохабар бар.
«Қазақ радиосынан «Парламент сағаты», Шалқар радиосынан «Депутат сағаты», Астана радиосынан» «Право знать» хабарлары эфирге шығады. Бұл хабарларға ҚР Парламентінің депутаттары қонақ ретінде тұрақты түрде қатысып тұрады. Елдегі құқықтық реформалар мен заңнамалық өзгерістерді тыңдармандарға түсіндіру біздің ортақ мақсатымыз»,-деп жазды Д.Абибуллаев өзінің facebook желісіндегі парақшасында.
Айта кету керек, «Парламент сөзі» жүлдесін түрлі аталымдар бойынша өзге де БАҚ өкілдері алды. Атап айтсақ
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Qazaqstan dauiri» бас директоры Сәуле Мешітбаева және «Караван» газетінің бас редакторы Игорь Шахновичке берілсе, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясын «Хабар» телеарнасының тілшісі Индира Жылқайдарова және «Еуразия» бірінші арнасының» тілшісі Светлана Пенькова жеңіп алды. Ал, «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Темір Құсаинов пен «Литер» газетінің ұжымы иеленді. «Үздік интернет және радио материалы» номинациясын «Abai.kz» ақпараттық порталы және Серік Сабеков («Kazinform») иеленді. «Парламент сөзі» сыйлығының «Арнайы репортаж» номинациясын «Қазақ радиолары» және «Хабар 24» телеарнасының корреспонденті Марк Брюшко жеңіп алды. «Үздік бейне – сурет материалы үшін» номинациясын «Nur Media» фототілшісі Советбек Мағзумов және «Хабар» телеарнасының бас операторы Еділ Ермекбаев иеленді. Сондай-ақ, биыл әлеуметтік желідегі үздектер анықталды. Олар «Әлеуметтік желідегі үздік материал үшін» номинациясын алғаш рет журналист-блогер Өркен Кенжебек және YEDILOV ONLINE Telegram-каналының авторы Ербол Еділов иеленді. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен биылғы жылы «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы» номинациясы жуық арада ғана дүниеден өткен белгілі қазақстандық журналист Бейсен Құранбекке берілді. Мәжіліс Төрағасынының айтуынша, Бейсен Құранбектей отандық телевизияның дамуына зор үлес қосқан, білімді, тәжірибелі азаматтың еңбегі халықтың қошеметіне лайық. Айта кету керек, 2016 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін сыйлық қорытындысын шығару елімізде орын алған коронавирус індетіне байланысты биылғы жылы бірқатар өзгерістерге ұшырады. Мәжіліс «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлерін Мәжіліс символикасы бейнеленген мүсіншелермен және арнайы дипломдармен марапаттауды Парламенттің күзгі сессиясында өткізеді деп жоспарлауда.