Жаңалықтар

Елордада пневмониясы асқынған науқастар көбейген

8,5 есеге дейін артқан

Жұқпалы және провизорлық ауруханаларда адамдар саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91%-ы орташа ауырлық дәрежесінде. 9%-ы ауыр және өте ауыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды coronavirus2020.kz. 

Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі. Негізі соңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны 3 есе өсті. 

  «КВИ жұқтырғандар және пневмониясы асқынған науқастардың көбеюіне байланысты қалада қосымша инфекциялық төсек-орындары дайындалды. Бұрын 80 жағдай болатын. Ал қазір аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек орны қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орны саны 1351 орынға көбейтілді», – деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.   

Тек соңғы 3 күнде қосымша 830 төсек дайындалды. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы 200 инфекциялық төсек дайындалады.

Сонымен бүгінде коронавирус инфекциясымен күресуге 3 135 төсек орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылды.