Жаңалықтар

«Талдықорған-Үшарал-Алакөл» жолында қозғалыс биыл ашылады

2 мың адам мен техниканың 800 бірлігі жұмылдырылған

«Талдықорған-Үшарал-Алакөл» жолында қозғалыс биыл ашылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы облысында Алакөл демалыс орнына апаратын 342 шақырымдық «Талдықорған –Үшарал – Алакөл» тасжолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өңірдің туристік әлеуетін дамытуда аталмыш жобаның маңызы зор.

Жол өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынған болатын. Оны қайта жаңарту жұмыстары 2018 жылға дейін мүлде жүргізілмеген. Жұмыстарды «CITIC Construction Co.» компаниясы, «АБК Автодор НС» және «Қыран» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясындағы жұмыстарға 2 мың адам мен техниканың 800 бірлігі жұмылдырылған.

Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мердігер компаниялар асфальт-бетон жабындысын төсеуде. Автомобиль жолының толық бойында қозғалыс биылдың өзінде ашылады деп жоспарланған.  

Автомобиль жолы 2021 жылы қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң, ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Осылайша, қазақстандықтар Талдықорғаннан Алакөлге үш сағатта жете алатын болады. Автомобиль жолдары саласындағы «Талдықорған – Үшарал – Алакөл» жобасы Алматы облысының ғана емес, жалпы Қазақстанның экономикалық және туристік әлеуетін дамытуға қарай жасалатын жаңа қадам болмақ.