1991 жылдан бері 1 млн-нан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, олардың бәрі оралман мәртебесін алды, бұл еліміздегі халықтың 6%-ын құрайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.
Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша республикамызға 3245 отбасы (6 361 этникалық қазақ) көшіп келді, оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын 631 отбасы (2 224 адам) қабылдау өңірлеріне (Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) орналасты.
Осы жылдың 13 мамырында Мемлекет басшысы көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойды. Онда келесі жаңа ережелер көзделген:
*«қандас» түсінігінің жаңа нұсқасы. Оған сәйкес этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмағандығы басты өлшем болып табылады;
*жергілікті атқарушы органның оралман мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге, бір рет жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұзартуы;
*атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы болуы.
Сыртқы еңбек көші-қоны туралы айта келіп, министр шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайғанына басты назар аударды.
Жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам ШЖК тартуға рұқсат берілді. Жұмыс берушілер 2,8 млрд теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету талабын орындайтын компаниялардың үлесі қазір 96%-ды құрап отыр.