Жаңалықтар

Төтенше жағдай кезінде 5,6 млн-нан астам қазақстандық әлеуметтік көмек алды

Осыған орай мемлекеттен 321,9 млрд теңге көмек тағайындалған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз сөзінде Қазақстанда 16 наурыздан 10 мамырға дейінгі ТЖ режимі кезінде мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары қабылданғанын атап өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

  «Қысқа мерзімде, бірнеше күннің ішінде, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға ең төменгі жалақы мөлшерінде мүлдем жаңа төлем – 42 500 теңге енгізілді. Бұл төлем бұған дейін жұмыс істеп келіп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған азаматтарға арналған. Әлеуметтік төлемге 8 млн азамат өтініш беріп, критерийлерге сәйкес келетін 4,6 млн адамға барлығы 321,9 млрд теңгеге көмек тағайындалды», — деді Біржан Нұрымбетов.

Төтенше жағдай  режимін енгізу әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпеуі үшін 24 қызмет жедел түрде egov.kz порталындағы «Электрондық өтініштер» сервисіне орналастырылды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу салдарынан (тиісті бос жұмыс орны болмаған кезде) төлем жасау процесін жеделдету мақсатында жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі 14-тен күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды.

ТЖ кезінде 108,9 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Сондай-ақ, осы кезеңде мүгедектік және мүгедектік бойынша төлемдер автоматты түрде 3 айға ұзартылды.

Сонымен қатар мұқтаж азаматтарға арналған азық-түлік жиынтығының ең төменгі құрамы бекітіліп, оны берудің арнайы тәртібі жасалды. 

ТЖ кезінде 1 млн 45 мың азамат:  

*АӘК алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі 202,7 мың бала; 

*109,6 мың тіркелген жұмыссыз; 

*648 мың мүгедек бала, I, II және III топтағы мүгедектер; 

*мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 84,9 мың адам азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.