Жаңалықтар

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолы ашылмақ

Ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол жабындысы жаңартылуда

Республикалық маңызы бар 160-220 «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. 

Жолдың 60 шақырымындағы жұмыстарды жолшылар жоспарға сәйкес орындап жатыр. 

Қазіргі таңда мұнда ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол жабындысының төменгі және жоғарғы қабаттары жаңартылуда. Аталмыш жұмыстар аяқталған соң ені 9 метрді құрайтын қозғалыс бөлігі бар тасжол ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілетін болады. Жолдың осы учаскесіндегі жұмыстарға шамамен 175 адам мен техниканың 116 бірлігі жұмылдырылған. Жол учаскесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын Todini Costruzioni Generali S.p.A. мердігерлік компаниясы, техникалық бақылау шараларын «Consult Enginering» және «ZS Enginering» компаниялары жүзеге асыруда. 

Жалпылай алғанда, биыл Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолының 154 шақырымында қозғалыс ашылмақ.

Бұл – жолдың 160-220, 236-275 және 275-330 шақырымдарының аралығы. 

Еске салайық, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1892 шақырымды құрайды. Жолдардың шамамен 70% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.