Жаңалықтар

Жаназа мен құдайы асқа қатысқанда қандай ережені сақтау қажет

Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар және жас балалар жаназа намаздарына қатыспайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров жаназа намазы мен құдайы асқа қатысқанда қандай ережені сақтау қажеттігін жария етті, деп хабарлайды coronavirus2020.kz. 

Жаназа намазына қатысты талаптар:

Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысу;

Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысу;

Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспау;

Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтау;

Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;

Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспау;

Қонақ асын өткізбеу;

Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелу.

Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:

Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге;

Бір ғана діни қызметкердің қатысуына;

Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға шақырамын.

Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин режимі қажет екені атап айтылған. 

Мұндай карантиндік жағдай көптеген мұсылман мемлекеттерінде жүзеге асуда. 

Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу әрбір мұсылман баласы үшін міндет.