Ақмола облысындағы жаңа алтын өндіру фабрикасында 1 мың жұмыс орны ашылады

Жарияланды
Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 105 млрд. теңгені құрайды

Ақмола облысындағы жаңа алтын өндіру фабрикасында 1 мың жұмыс орны ашылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«RG Gold» ЖШС алтын өндіру компаниясы Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан және Қазақстанның ең ірі кен орындарының бірі – Солтүстік және Оңтүстік Райгородок жер қойнауын пайдалану құқығына ие. Кен орнының ауданы 67,7 шаршы шақырымды құрайды. Компания қызметкерлерінің саны 850-ден астам адам, сондай-ақ мердігерлік ұйымдарда 300-ден астам қызметкерлер еңбек етеді. Өндіріс ошағы қазіргі уақытта қышқылданған кенді жылына 2 млн тонна көлемінде үймелік сілтісіздендіру әдісімен өңдейді және доре қорытпасында жыл сайын 50 мыңнан астам унция алтын өндіреді. Компания тиімділікті арттыру және шығындарды азайту үшін үймелік сілтісіздендірудің жаңа технологияларын үнемі енгізіп отырады.

Жылдық қуаты 5 млн тоннаға дейін бастапқы кенді қайта өңдеу үшін кеңейту бағдарламасы аясында 2018 жылдың қазан айында алтын өндіру фабрикасын салу жобасын жобалау және дизайн жасау мақсатында «RG Processing» ЖШС компаниясы құрылды. CIP әдісімен сульфидті кенді өңдеу бағытындағы жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылыс жұмыстары 2022 жылдың үшінші тоқсанында аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл ретте барлық өндірілетін өнім жергілікті нарықта сатылады.

Зауыт нөлдік шығару жүйесі бойынша жұмыс істейді, осылайша қоршаған ортаға ластанған су шығарылмайды. Бұдан басқа, фабриканың технологиялық процесі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің ең жоғары талаптары бойынша салынады, бұл ретте фабрика жобасы цианидты пайдаланудың халықаралық кодексінің стандарттарына сәйкес орындалады.

Осы жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 105 млрд. теңгені құрайды, 1 000-нан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған, мемлекеттік бюджетке салық аударымдары жылына 20 млрд.теңгеден асады. Осы инвестициялардың арқасында Қазақстан экономикасы жаңа инфрақұрылымға, жұмыс орындарына, адам капиталын жақсартуға, жаңа жабдықтарға, салықтарға, халықаралық нарықта жалпы позициялардың күшеюіне, елдің алтын-валюта қорларын ұлғайтуға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, жобаны іске асыру еліміздің және өңірдің ШОБ үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қазіргі уақытта жүзден астам қазақстандық компаниялар мен кәсіпкерлер осы жобаның мердігерлері болды. Мердігер ұйымдар үшін 300-ден астам жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар өндіріс ошағы жергілікті кадрлардың кәсібилігі мен дағдыларының деңгейін арттыруға және оқытуға ерекше назар аударады. Білім мен дағдылардың кәсіби деңгейін арттыру және оқыту кәсіпорындардың жұмысшы мамандықтары, инженерлік-техникалық және басқару ұжымы үшін жүргізіледі.

Кәсіпорын қалдықсыз өндірістің озық және тиімді технологияларын әзірлеу және енгізу арқылы қоршаған ортаға әсерді төмендетуге барынша тырысады. Тұрақты негізде қоршаған ортаға (атмосфералық ауа, топырақ жамылғысы, жерасты сулары) зерттеулер жүргізіледі, мұнда шығарындылардың шекті деңгейлері қатаң тексеріледі және бақыланады. Сондай-ақ, кәсіпорын бойынша табиғатты қорғау іс-шараларының 2015-2024 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Апта сайынғы негізде кәсіпорынның өндірістік бөлімшелеріне ішкі экологиялық бақылау жүзеге асырылады және қызметкерлердің жауапкершілігінің функционалдық құрылымына сәйкес анықталған бұзушылықтарды жою үшін қорытындылар шығару және ұйғарымдар беру бойынша кеңестер өткізіледі.

RG Gold жергілікті халықтың өмір сүру сапасын дамытуға және жақсартуға мүдделі, себебі бұл жұмыстың тиімділігі мен сапасына тікелей әсер етеді. Жалпы компания қызметі қажетті инфрақұрылым (жолдар, электрмен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, инженерлік құрылыстар және т.б.) салу үшін қаржыландыру көзіне айналды, жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, адамдарға ертеңгі күнге деген сенімділікті сезінуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, компания жыл сайын жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларға 100 млн.теңгеден астам қаржы бөледі.
 

Сондай-ақ оқыңыз