Жаңалықтар

«БЖЗҚ» АҚ-ның салымшылары 90 пайыздан астам қызмет түрлерін онлайн режимінде алуда

Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,3%  жоғары

«БЖЗҚ» АҚ-ның салымшылары 90 % астам қызмет түрлерін онлайн режимінде алуда. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ-ның ресми телеграм арнасы хабарлады. 

Қордың сайтында келесі қызмет түрлері қолжетімді:

1. Жеке зейнетақы шоты жайлы толық мәлімет алу
2. Жеке мәліметтерге өзгерістер енгізу
3. Құжаттарды алдын ала тексеру
4. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша келісімшартқа отыру

Қазақстанның кейбір қалаларында коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына байланысты жалғасып жатқан карантинге қарамастан  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары қызметтерді толық көлемде алуда. 

2020 жылдың 1 маусымына БЖЗҚ қызметтерінің 90% астамы электрондық форматта көрсетілді. Қазіргі заманға сай дамыған технологиялардың және Қордың ақпараттық жүйелерінің сапалы жұмысының арқасында салымшылар қызметтердің көп бөлігін үйден шықпай-ақ ала алады.  

2020 жылдың алғашқы бес айында ғана БЖЗҚ салымшыларына 8,2 миллионнан астам қызмет көрсетілді, нақтырақ айтқанда 8 264 756. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,3%  жоғары. Барлық қызметтердің 91,1% немесе 7,5 миллионы электрондық форматта көрсетілді. Қазіргі уақытта ең танымал қызмет жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу болып табылады: бұл қызметті 7,7 миллионнан астам салымшы таңдаған. Ол 2019 жылдың 1 маусымындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 22,6% өсті. 7,5 миллионға жуық үзінді көшірме электронды түрде алынды.   

Естеріңізге сала кетейік, ресми сайттағы және БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасындағы жеке кабинетте үзінді көшірмені ғана емес, БЖЗҚ ұсынатын бірқатар қызметтерді де алуға болады. Мысалы, өз деректемелеріңізге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ бар екендігі туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектік белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлем жасау және (немесе) көшуге берілген өтініштің мәртебесін қадағалау және т.б. 

БЖЗҚ-ның алдына қойған міндеттерінің бірі – сапалы консультациялық қызметтер көрсету және  Қор салымшылары мен алушыларына арналған ақпараттық арналарды барынша дамыту. Осылайша ағымдағы жылдың бес айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кері байланыс арналары бойынша салымшылар жасаған өтініштер саны шамамен екі есеге өсті. 2020 жылы 558 005 өтініш жасалса, 2019 жылдың осы кезеңіндегі өтініш саны – 253 063. 

БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) call-орталықтан кеңес ала алады, сонымен қатар +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша Whatsapp және Viber чат-боттары арқылы www.enpf.kz корпоративтік сайтында, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларында кеңес алуға болады.