Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің экономикалық өсімді қалпына келтіру және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөнінде қабылдаған шаралары талқыланды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Жыл басынан бері ұлттық экономика күрделі жағдайда дамып келеді. Ел экономикасы жалпы 1,8 пайызға төмендеді. Пандемияға байланысты қызмет көрсету саласы айтарлықтай құлдырады (5,6 пайыз)», – деді Президент.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал қоғамды аса қатты алаңдатып отыр дей келе, мемлекет басшысы жағдайдың өте күрделі екеніне бас назар аударды. Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінетін болды.
«Келесі маңызды міндет–толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету. Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ.Үкімет те бақыламады», -деді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет дей келе, бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп тек өзіне ұсыныс беруі керегін айтып өтті.
Сонымен қатар, «СҚ Фармация» мен Міндетті медициналық сақтандыру қоры басшыларын қызметтен қуып, қажет болса тергеу жұмысын қолға алуды тапсырды.
«Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?»,- деді Тоқаев.
Соны мен қатар мемлекет басшысы халықты үрей мен қорқыныш билегеніні айтып өтті:
«Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек».
Осы ретте Президент қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенетінін жеткізді. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды.