Несие төлеуді кейінге шегеру несие тарихына кері әсер ете ме?

Жарияланды
Қазірге дейін 2 миллионға жуық адам төлемдерін кейінге шегерген

Қазір көптеген қазақстандықтар коронавирус пандемиясына байланысты уақытша табысынан айырылып жатыр. Соған байланысты біразы ай сайынғы несиелерін де төлеп жатқан жоқ. Бірқатары үкіметтің несие төлемін кейінге шегеру туралы мүмкіндігін пайдаланған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 15 маусымда бизнеске несие төлемін кейінге шегеру бойынша арнайы тәртібін жария еткен болатын. Ол ереже бойынша жеке адамдар да, заңды тұлғалар да екінші деңгейлі банктердегі қарызын кештетіп өтей алады. Төлемді тоқтата тұру 90 күнтізбелік күнге шегеріледі. Шенеуніктердің айтуынша, пандемияға байланысты үкіметтен әлеуметтік төлем алып, несие төлемін шегеріп жатқан азаматтардың келешектегі несие тарихы үшін алаңдауына негіз жоқ.

«Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің нормативтік актісі бойынша 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы алу және несие төлемін кейінге шегеру – несие тарихының әлсіреуіне әкеліп соқпайды. Егер банк дәл осы себеппен бас тартатын болса онда клиент құзіретті органдарға шағымдана алады»,- дейді ұлттық экономика вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақысын 3 ай ішінде 3 миллионнан астам қазақстандық алған. Ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 370 миллиард теңге бөлінген.

16 наурыз бен 15 маусым аралығында несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін 1 890 443 адам пайдаланған. Бұл барлық борышкерлердің 34 пайызы. Кейінге қалдырылған жалпы қарыз көлемі – 268 млрд теңге болған. Ал қарыздарын қайта құрылымдау бойынша 12 455 субъекті өтініш білдірген. Бұл барлық борышкерлердің 41,5 пайызы. Қайта құрылымдалған жалпы қарыз көлемі – 165 млрд теңге. Жеңілдік ТЖ кезінде зардап шеккен 12 сала мен 346 экономика саласын қамтыған.
Әрине, кредит беруші ұйым әр клиенттің қаржылық жағдайын, ТЖ-ның оның бизнесіне қалай әсер еткенін, қаржылық-шаруашылық ахуалын жеке қарастырады.

«Жағдай қиындаған болса қолдаудың екі түрі қарастырылады. Біріншісі, қаржылық ахуалы қалыпқа келгенше несие төлемін кейінге шегеру. Аталған шара бизнеске қарыз салмағын түсірмейді. Екіншісі, кәсіпкерлік субъектілерін қолдайтын мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландыру қарастырылған. Мұндай мүмкіндікті шағын және орта бизнестің барлық өкілдері пайдалана алады. Оның ішінде бұрын да несие төлемін кейінге шегергендер бар» деген еді ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова.

Еске салсақ, мемлекет басшысының тапсыруымен 1 қазанға дейін орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізіліп, табыс салығынан босатылды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ведомство бизнесті қолдауға бағытталған 43 шара әзірлеген.

«Ол бойынша кәсіпкерлік мәселелерін шешу, мемлекеттік сатып алу, ауылшаруашылығы техникалары лизингі және тауарларды экспортқа шығару мәселелері бар» деген еді вице-министр Мәди Тәкиев.

 
Сондай-ақ оқыңыз