Жаңалықтар

Қарағандыда  солтүстік-шығыс айналма жолының құрылысы аяқталды

Жолдың жалпы ұзындығы 48,3 шақырымды құрайды

Құрылыс жұмыстары  инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту жобасына қарасты. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдостың айтуы бойынша, аталмыш жоба қазіргі күннің өзінде қала жолдарының жүктемесін азайтып, тасжолдың тозу мерзіміне де әсерін тигізген. Сондай-ақ, автожолдардағы апатты жағдайлардың көрсеткіші төмендеп, экологиялық жағдайдың жақсаруы да орын алатыны анық. Жаңа тасжол І-техникалық санатқа сәйкес. Төрт жолақты күре жолға асфальтбетон жабыны төселген. Есептік жылдамдық – сағатына 120 шақырым. Қозғалыс  қарқындылығы тәулігіне 20 мыңға жуық автокөлік болады деп жоспарланған. 

Шығыс айналма жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысында 5 жол айрығы, 5 жол өткелі, ауыл шаруашылық техникаға арналған 6 жол өткелі, Соқыр өзені арқылы өтетін көпір, 54 су өткізгіш құбыр мен екі демалыс алаңы орнатылды. 

Ал солтүстік айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары кезінде 2 жол айрығы, 4 жол өткелі, темір жол мен Солонка өзені арқылы өтетін ұзындығы 232 м. эстакада орнатылып, алдағы уақытта 24 су өткізгіш құбыр құрылысы көзделген. 

Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс айналма жолы тасжолдағы қауіпсіздікті  қамтамасыз етіп, тұрғындардың қозғалыс қолайлығын арттырады.

Айналма жолдың жалпы ұзындығы 48,3 шақырымды құрайды.