Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы коронавирус індетінен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы бүгін Елбасының ресми сайты хабарлады.
«Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін», – делінген хабарламада.