Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин тағы екі аптаға созылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Twitter парақшасында жазды.
«Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы – өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет», – деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42 500 теңге төлейтінін атап айтты.
«Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.