«Менің Атырауым дәл қазір қырылып жатыр». Зауыттан шыққан жаман иіс коронавирустан да қатерлі ме?

Жарияланды
Өңірдегі эпидемиялық ахуал өте нашар

Соңғы бірнеше күнде Атырауды жағымсыз күкірт иісі басып кеткен. Қолқаны қапқан иіс тұрғындардың денсаулығына едәуір зиянын тигізуде. 

Бұл жайында журналист Тәуірбек Бозекенов әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның сөзінше, дәл қазір Атыраудың бас ауыртар мәселесі – коронавирус та, пневмония да емес, күкірт болып тұр.

«Мұнай компаниялары ауаға жіберген осы күкірттің кесірінен қаншама адамның ұйқысы қашты, басы ауырып жүр, аллергия, тіпті кейбірі ұйқысынан оянбай қалып жатыр. Ол кісілердің «Жаны жәннат болсын» деп шектелеміз. Амал жоқ! Бірақ біз, қашаманға араға күн салып о дүниелік болған жандардың отбасына көңіл айта береміз, а? Осыны шешіп, «Атыраулықтардың жанын қалай аман сақтап қаламыз?» деген мәселені қазір тірі жан көтеріп жатқан жоқ! Тірі жан! Менің Атырауым дәл қазір қырылып жатыр. Аты жаман аурудың бізде тез таралып жатқанына да осы КҮКІРТ себепші! Халықтың иммунитетін әлсіретіп жатқан да осы КҮКІРТ!» дейді журналист. 

Осы мәселеге орай экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берген. 

«Соңғы кездері Атырау қаласының атмосфералық бассейнінің ластануы жиі орын алып, аталған деректер қала аумағындағы ауа сапасын бақылау станцияларының мәліметтерімен расталуда.
Осы орайда, ағымдағы жылдың 10 шілдесіндегі түнгі уақытта Атырау облысы бойынша экология департаменті Қазгидрометтің Атырау филиалымен және Атырау өңірінің эко-амбассадоры А. Хайруллинмен бірге Атырау қаласының атмосфералық ауасына мониторинг жүргізді. Мониторинг жүргізу барысында қаланың атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқан жоқ. Сонымен қатар, департаментпен қала аумағында орналасқан ауа сапасын бақылау станцияларының 2020 жылдың 12 шілдесіндегі мәліметтеріне талдау жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша, ауа құрамындағы күкірт сутегілерінің концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асуы анықталып, ауаны ластаушы көзі Атырау қаласының сол және оң жақ булану аландары екендігі белгілі болды. Сондай-ақ, Атырау қаласында ауа сапасының нашарлауына байланысты Департаментпен «Атырау мұнау өндеу зауыты» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру тағайындалып, қазіргі уақытта құзырлы органға тіркеуге жолданған.Тексеру нәтижелері бойынша қосымша хабарлаймыз» делінген ведомство жауабында. 

Төменде желі қолданушыларының осы мәселеге орай пікірлерін ықшамдап ұсындық. 

Гүлнар Жұмаева: 

«Күкіртсутегі газы ғой шіріген жұмыртқаның иісін шығарып жатқан. Өзге дамыған елдерде мұнайдан шығатын мұндай қосымша газды қондырғылар арқылы сүзіп алып, іске жаратады. Ауаға жібермейді. Тек біздің сорлы Қазақстан білсе де ақша шығарғысы келмей қаншама шикізатты ауаға босқа жіберіп, халқын ауру қылып қырып отыр». 

Диляра Әмірбекова: 

«Атырауда 15 жыл тұрдым. Ақыры шыдамадым. Үнемі басым ауырып оянамын, шашым жылтырап түсіп қалды. Сосын Атыраудан Шымкентке көшіп кеттім». 

Мұратбек Қайыржанұлы: 

«Атыраудың пневмониядан бірінші орынға шығып кетуіне де осы иістің де әсері бар ау деймін. Шынымен ұйықтау мүмкін емес болып кетті түнде. Қышқыл дәм тамақтан кетпейді. Бұл қалада бұрын қалай өмір сүргем? 

Руслан Есқайыров: 

«АНПЗ (Мұнай өңдеу зауыты) түнде выброс жасайды. Тасқалада тұрамыз. Түнгі 1-2 кезінде ауа қатты өзгереді. Терезе аша алмайсың. Шіріген жұмыртқаның иісі таңғы 5-6-ға дейін кетпей тұрып алады. Атырауда екі күннің бірінде жел болған соң шыдап отырмыз. Жел болмаса күкірт иісінен қырылып өліп қалар едік. Мына індеттен құтылған соң бәріміз шұғыл түрде шығып наразылық білдіруіміз керек». 

Жалпы, елімізде үш мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) болса, Атыраудағысы соның бірі. МӨЗ жылына 5 миллион тоннаға жуық шикізатты өңдеп, 973,5 мың тонна автобензин, 1274 тонна дизель отынын, 81 мың тонна реактивті отыр, 19 мың тонна бензол және 89 мың тонна параксиол өндіреді. 

Былтыр Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып тұрған тұста МӨЗ-ге барып көзбен көрген. Бас директор Шухрат Данбайға экология проблемасын шешуді тапсырған. 2019 жылдың сәуір айында МӨЗ «Тазалық» атауымен сарқынды су ағызу қондырғысын модернизациялау жобасын ұсынған. «Ол қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған» деп жазылған отандық сайттағы мақалада. 

Дәл сол сәуір айында зауытқа экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 31,5 млн теңге айыппұл салынды. Облыстық экология департаменті хабарламасында ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің екі бабы – 331 – «Атмосфераға шығарындыларды тазалауға және сарқынды суларды ағызуға арналған жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ оны пайдаланбау» және 328 – «Экологиялық рұқсатта белгiленген, қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi не экологиялық рұқсаттың болмауы» бойынша айыпталған. 

Ал былтыр қазан айында зауыттан шыққан қою қара түтін Атырау аспанын торлап алған. Сол кезде оның фото және видео айғақтары желіге тарап та кеткен болатын. Кейін оны зауыт реакторлы-қалпына келтіру блогындағы катализатор айналымының қателігінен деп түсіндірген. 

Зауыт осы жылы 12 шілдеде ауа ластау деңгейін максималды шекті концентрациядан асырған жоқпыз деп мәлімдеді. 

«Зауытта атмосфералық ауа сапасын бақылайтын төрт автоматты станция бар. Олар зауыттың санитарлық-қорғау аймағы шекарасында. Станциялар тәулік бойы ауа ластаушы заттарды, оның ішінде күкіртсутегін де бақылайды. Станция мәліметтері күн сайын зауыт сайтына салынып, «Қазгидромет» үшін қолжетімді болады. Станция дерегінше 8 және 9 шілдеде С33 шекарасында күкіртсутегінің максималды шекті концентрациядан асып кету жағдайы тіркелмеген» деп мәлімдеді зауыт. 

Бұл мәселе желіде жиі талқыланып жатыр. сол себепті, көп ұзамай қоғам белсенділері тәуелсіз экспертиза жасатуы мүмкін. Ондай жағдайда министрлік пен МӨЗ өз деректері мен әрекеттерін қайта қарауы да ықтимал. 

 
Сондай-ақ оқыңыз