Елорда әкімдігі дәрінің тұтынушыға дейін жеткізілуін қадағалайды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қалалық басқарма басшыларымен, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін дистрибьюторлармен бейнеконференция өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қалаға жеткізілген дәрі-дәрмектер дәріханаларға таратылды. Енді тағы бір борт келді, біз бұл дәрі-дәрмектердің қалай қадағаланып, сатылатынын нақты анықтауымыз керек. Барлық дәрі-дәрмектер мұқтаждарға жететіндей етіп нақты алгоритм, механизм жасау қажет», – деді Б. Мәкен.
Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтанға COVID-19, пневмония және басқа да ауруларды емдеуге қажет дәрі-дәрмектері бар жүк ұшағы келді. Қалаға 600 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Келген тауарлар тізімінде дәрі-дәрмектің 350-ге жуық түрі бар.
Бейнеконференция барысында дистрибьюторлар апта сайын керек дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде жеткізілiп жатқанын айтты. Сонымен қатар сұраныс өте жоғары болғандықтан, олар азаматтар арасында бірнеше сағат ішінде сатылып кетіп жатыр. Осыған қарамастан, дистрибьюторларға дәрі-дәрмектер қай дәріханаларға жеткізілгені туралы есеп беру ұсынылды.
Мониторинг тобы дәріханалар арасында дәрі-дәрмектерді бөлудің толық ашықтығын қадағалап, тұтынушыларға қолжетімді екеніне көз жеткізуі керек. Сондықтан, мониторинг тобына денсаулық сақтау, ішкі саясат, жастар басқармаларымен бірге дәріханаларға рейд жүргізу және дәрі-дәрмектердің қол жетімді екендігін көрсету тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел үкіметі мен елорда әкімдігі тұрақты негізде дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде.