Жаңалықтар

Елорда әкімдігі дәрінің тұтынушыға дейін жеткізілуін қадағалайды 

 Дәрілер азаматтар арасында бірнеше сағат ішінде сатылып кетуде

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қалалық басқарма басшыларымен, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін дистрибьюторлармен бейнеконференция өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

 «Қалаға жеткізілген дәрі-дәрмектер дәріханаларға таратылды.  Енді тағы бір борт келді, біз бұл дәрі-дәрмектердің қалай қадағаланып, сатылатынын нақты анықтауымыз керек. Барлық дәрі-дәрмектер мұқтаждарға жететіндей етіп нақты алгоритм, механизм жасау қажет», – деді Б. Мәкен. 

Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтанға COVID-19, пневмония және басқа да ауруларды емдеуге қажет дәрі-дәрмектері бар жүк ұшағы келді. Қалаға 600 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді. Келген тауарлар тізімінде дәрі-дәрмектің 350-ге жуық түрі бар.

 Бейнеконференция барысында дистрибьюторлар апта сайын керек дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде жеткізілiп жатқанын айтты. Сонымен қатар сұраныс өте жоғары болғандықтан, олар азаматтар арасында бірнеше сағат ішінде сатылып кетіп жатыр. Осыған қарамастан, дистрибьюторларға дәрі-дәрмектер қай дәріханаларға жеткізілгені туралы есеп беру ұсынылды. 

Мониторинг тобы дәріханалар арасында дәрі-дәрмектерді бөлудің толық ашықтығын қадағалап, тұтынушыларға қолжетімді екеніне көз жеткізуі керек. Сондықтан, мониторинг тобына денсаулық сақтау, ішкі саясат, жастар басқармаларымен бірге дәріханаларға рейд жүргізу және дәрі-дәрмектердің қол жетімді екендігін көрсету тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел үкіметі мен елорда әкімдігі тұрақты негізде дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде.