Жаңалықтар

АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шықса, ол бюджетінің бестен бір бөлігінен қағылады

АҚШ 2021 жылдың 6 шілдесінен ДДСҰ құрамынан шығатынын Дональд Трамп конгреске ресми түрде ескертті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас хатшысы Тедрос Адханом Гебрейюс 13 шілдеде кезекті брифинг өткізді. Спикердің айтуынша, қазір алаңдайтын жайт өте көп, өйткені әлем бойынша коронавирус таралмаған ел қалмаған. 

Бұл ретте Тедрос Гебрейесус жағдай жақын арада жақсармайтынына сенімді, өйткені «көптеген елдердің алған бағыты аса дұрыс емес».

ДДСҰ-ның бас хатшысы әлемде коронавирус кең таралуының жауапкершілігі АҚШ пен Бразилияның мойнына жүктелететінін аңғартып өткенімен, олардың атын ашық айтпады.

«Кеше ДДСҰ-ға әлем бойынша бір күнде 230 мың адам COVID-19 жұқтырғаны туралы хабар келіп түсті. Соның 80 пайызы әлемнің 10 елінде тіркелсе, сен сексен пайыздың жартысына жуығы екі елдің үлесінде», – деп айтып өтті Тедрос Адханом Гебрейесус.

Джон Хопкинс атындағы университет жанындағы жүйелі ғылым және инженерия орталығының (АҚШ) мәліметі бойынша, SARS-Cov-2 вирусын ең көп жүқтырғандар мен қайтыс болғандардың саны расында осы екі елде көп. 2020 жылдың 14 шілдесіндегі мәлімет бойынша, АҚШ-та 3,36 млн адам вирус жүқтырып, 135 мыңы қайтыс болса, Бразилияда 1,88 мың адам ауырып, соның 72,8 мыңы көз жұмған. 

Алайда бас хатшының АҚШ пен Бразилияға қарата тұспалдап сөйлеуінің негізінде тек медициналық себеп жатқан жоқ. АҚШ 2020 жылдың 7 шілдесінде президент Дональд Трамптың бастамасымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан ресми шығу рәсімін бастап кетті. Енді АҚШ секілді ДДСҰ-дан шығу туралы бастаманы Бразилия билігінің өкілдері, мемлекет басшысы Жаир Болсонару да көтеріп отыр. 

АҚШ пен Бразилияның басшылары Эфиопиядан шыққан бұрынғы коммунист Гебрейесус басқарып отырған дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың әлемде кең таралуына ықпал етті деп есептейді. Қытай басшылығымен достық қарым-қатынастағы Гебрейесустың командасы 2020 жылдың басында SARS-Cov-2 инфекциясының аса қауіпті екені жайлы ақпаратты жасырып қалыпты-мыс. 

Дональт Трамп сәуір айында-ақ ДДСҰ-да реформа жүргізуді талап етіп, болмаса АҚШ ұйымнан шығып, міндетті жарна төлеуді тоқтатады деп сес көрсеткен еді. ДДСҰ ешқандай реформа жүргізген жоқ, ал Трамп ұйымнан шығу шарасын бастап кетті. Бұған дейін ДДСҰ-ға жарна ретінде төленіп келген қаржы ендігі жерде әлем бойынша денсаулық сақтау саласының қажеттігілі үшін жұмсалады деп уәде берді.

Американың үлесі 

АҚШ-тың ұйымнан шығуы ДДСҰ-ның қаржылық жағдайына қалай әсер етеді? Бұны түсіну үшін ұйым бюджеті неден қалыптасатынына көз жүгіртелік. 

ДССҰ-ға қаржы екі қайнаркөзден келіп құйылады: міндетті және ерікті төлемдер. ДДСҰ құрамындағы елдер міндетті жарна төлейді (194 мемлекет). Жарна көлемі елдің әл-ауқаты мен халық санына байланысты. ДДСҰ-ның сайтында ұйым бюджетіндегі міндетті жарнаның үлесі азайып келе жатқаны және бірнеше жылдан 25 пайызға да жетпейтіні жазылған. Яғни, ерікті жарна көлесі 75 пайыздан асып түседі деген сөз. 

Бюджет екі жылға бекітіледі. 2018-2019 жылдары ол $4 млрд 422 млн құраса, соның ішінде $956,9 миллионы  – міндетті жарна, ал $3 млрд 465 млн-ы – ерікті жарна. 2020-2021 жылдары ДДСҰ-ның бюджеті $5,840 млрд дейін өсіп, оның ішінде $956,9 млн – міндетті жарна және $4 млрд 884 миллионы ерікті жарна болған. (2019 жылдың мамыр айындағы деректер).

2018-2019 жылдары міндетті жарна «себетінің» ішіндегі АҚШ-тың үлесі 22 пайызды құраған. Ал нақты цифрға айналдырсақ, бұл – $210,5 млн (одан бөлек түрлі бағдарламаларды қолдауға АҚШ ерікті түрде 600 млн доллар бөлген). 2020-2021 жылдары АҚШ тағы да сол көлемде қаржы құюы тиіс. 

АҚШ жарнасы – ұйымға төленетін міндетті жарналардың ішіндегі ең қомақтысы. 
Мәселен, 2018-2019 жылдары АҚШ-тан кейін қомақты жарна төлеген – Жапония. Оның жарнасы ұйым бюджетінің 9,7 пайызын құрап, $92,8 млн болған. Одан кейінгі орында Қытай келеді, бұл елдің үлесі – 7,9 пайыз немесе $75,6 млн. Ал 2020-2021 жылдары міндетті жарна төлейтіндердің арасында Қытай екінші орынға көтерілген. Одан кейінгі келе жатқан Жапонияның құятын міндетті жарнасы 8,6 пайызды құрайды. 

Егер бюджеттегі жалпы қаржы көлемі тұрғысынан қарасақ, АҚШ-тың 2018-2019 жылдары ДДСҰ-ға аударған міндетті жарнасы 4,8 пайызды құраған. «Бар-жоғы 4,8 пайыз» деп айтқың-ақ келеді, дегенмен ДДСҰ-ның өзі міндетті жарнаны жоғары бағалап: «белгілі бір тұрақтылыққа кепіл беретін, тізімі қысқа донорлық базаға тәуелділікті барынша азайтуға ықпал ететін және ресурстың бағдарламалық бюджетке сәйкестігін қамтамасыз ететін  маңызды қаржы көзі» деп атайды. 

Посткеңестік салымшылар 

Посткеңестік кеңістіктегі ДДСҰ-ға жарна төлеушілер арасында Қазақстан  Республикасы – Ресейден кейінгі ірі салымшы. Мәселен, 2020-2021 жж жоспарлы кезеңінде Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шотына міндетті түрде $1 960 950 аударуы тиіс. Шартты үшінші орында Литва тұр, оның  ДДСҰ-ға аударатын жарнасы $764 630 болса, Украина $613 860 төлеуі керек. Салыстыру үшін айтсақ, ДДСҰ-ға жарна аударатын посткеңестік елдер арасында  Өзбекстан оныншы орында тұр, ол  $344 620 төлейді, ал Қырғызстанның жарнасы бар-жоғы $21 540  құрайды. 

Дүйсенбі, 13 шілде  – Қазақстанда коронавирустан қаза тапқандарды еске алып, аза тұтып жатқан кезде, Қытай  сыртқы істер министрлігі аспанасты еліне пневмонияның жаңа түрін зерттеу үшін ДДСҰ-ның екі сарапшысы келгенін ресми түрде растады. 

Крупнейшие-20-платильщиков-взносов-в-Программный-бюджет-(правки) (1).png