ОПЕК+ бізді не нәрсеге міндеттеді? Қазақстан мұнай өндірісін қысқарта ма?
15 шілде күні ОПЕК+ елдері біріккен мониторингтік комитетінің отырысы өтіп, мұнай өндірісі көлемін қысқартуға байланысты ортақ келісімге келді. Бұған дейін ұйымға мүше елдер тамыз айынан жылдың соңына дейін мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн баррелден 7,7 млн баррелге дейін қысқартуға келіскен.
Комитет отырысында маусым айында елдердің қысқарту міндеттемесін қалай орындап жатқаны сөз болды. Бұл орайда қатысушылар мұнай өндірісін қысқарту әлемдік мұнай индустриясына оң ықпалын тигізгенін айтады. Түрлі себептермен міндеттемелерін толық орындай алмаған елдер мұнай өндірісіне қосымша қысқартулар жасайтынын жария етті. Мұның ішінде Қазақстан да бар. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, мамыр айының алғашқы 12 күнінде республикада мұнай артық өндіріліп қойған.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, қаңтар-маусым айларында елімізде 38 млн 397 мың тонна шикі мұнай және 6 млн 500,2 мың тонна газ конденсаты өндірілген. Бұл дегеніміз 2019 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3 және 3,5 пайызға жоғары деген сөз.
Бұған дейін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі үшін Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне қосылуы маңызды деп пікір білдірген еді.
«Мұнай мұнай қоймаларында жатып қалмас үшін орта, ірі және аса ірі кен орындарында мұнай өндірісін шектеу туралы шешім қабылданған болатын. Онда барлық кен орындары үшін міндеттемені әділ бөлістіру мәселесі қаралды. Егер біз осындай қадамға бармасақ онда 2020 жылдың II кварталында қоймаларға мұнай сыймай кетуші еді»,- деді министр.
Әлем елдерінің мұнай өндірісін белсенді қысқартуын халықаралық энергетикалық агенттік те қолдайды.
«ОПЕК+ елдерінің өндірісті қысқарта бастауы жақсы үрдіс, алайда сұраныстың тым қатты құлап кетуіне байланысты мұның өзі балансты қалыпқа келтіруге жеткіліксіз болып отыр»,- деген ХЭА басшысы Фатих Бироль үш негізгі ұсыныс жасаған еді.
Біріншіден, қысқарту жайлы нақты шешім қабылдаған елдер сол іске мейлінше тез кірісуі тиіс. Екіншіден, мемлекеттің қаржы органдары нарықтық көрсеткіштердің ауытқуының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауы тиіс. Үшіншісі – ХЭА-ның артық стратегиялық мұнай қоры бар елдерді нарықтағы артық-ауыс баррелдерден арылуға шақыруы.
Қазақстан қаржы қауымдастығының зерттеуінше, соңғы аптада біршама тұрақталып қалған мұнай бағасы алдағы уақытта өсе түсуі мүмкін.
«Келесі айдан бастап Brent маркасы барреліне 44,6 доллар көлемінде болады деп болжанады. Сауал жүргізу кезінде (03.07 – 10.07) Brent мұнайы барреліне 42-43 доллардан саудаланып жатты» дейді сарапшылар.
Қауымдастық келтірген дерек бойынша коронавирустің өрши түсуіне қарамастан ел экономикасының даму көрсеткіштері жоғары болмақ.
«Осылайша, 12 айдан кейін Қазақстанның ЖІӨ-нің жылдық өсімі орташа есеппен 1,2 пайыз деңгейінде күтілуде, бұған дейінгі аймен салыстырғанда 0,8%-ға төмен. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық экономика министрлігі 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі минус 0,9 пайызды құрайды деп болжаған болатын. Алайда, өндіріс пен ЖІӨ қызмет көрсету секторының өсуінің арқасында оң динамиканы көрсете алатынын байқатты. Сонымен қатар, 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның ЖІӨ 1,8 пайызға төмендеді» деп келтіреді қауымдастық.
16 шілдедегі дерек бойынша Brent маркалы мұнай бағасы 1 пайызға өсіп, 43,33 долларды құраған. WTI бағасы 0,92 пайызға көтеріліп 40,70 долларға жеткен.
Ал Ұлттық банктің бүгінге бекіткен теңге бағамы бойынша, 1 АҚШ доллары – 412,24 теңге, 1 еуро – 470,98 теңге, ал 1 рубль – 5,81 теңгені құрайды.