Шілденің соңында шағын бизнес иелеріне қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлер қандай көмек алмақ?
Шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге шілде айында нақты қолдау көрсетіледі. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы несие берілмек.
Кепілсіз 6 пайыз несие және «Даму» қорының 80 пайыз кепілдігі арқылы берілетін несие микрокәсіп иелерін қолдауға бағытталып отыр. Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтың айтуынша, несие 5-20 млн теңге аралығында ұсынылмақ.
«Несие кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруы және инвестиция алуы үшін тағайындалады. Бұл жобаның басқа бағдарламалардан айырмашылығы субсидия және кепілдендіру жасайтын жеңілдетілген жүйесінің жұмыс істеуі. «Даму» қоры мен банктер нақты жоба бойынша қаржыландыру жасайды. Шілде айының соңында бағдарлама толық пысықталып, кәсіпкерлер қаражат ала бастайды»,– деді Ахметов.
Қазірдің өзінде «Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы қаражат алуға 37 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың тек 6 мыңы ғана заңды тұлғалардан түскен. Қалғанының барлығы дерлік жеке тұлғалардың өтініштері. Қаржыландыру кезінде бизнестің қай салаға жататыны маңызды саналмайды. Яғни, шағын және орта бизнестің кез-келген субъектісі жеңілдетілген несие бағдарламасынан үміттене алады.
«Кез-келген шағын және орта бизнес субъектісі 7 млрд теңгеге дейін ала алады. Осыған дейін бұл 2,5 млрд болған. Шекті мөлшерлеме – 6 пайыз» деді экономист.
Ахметов кәсіп бастағысы келген жандарды «Даму» қорының ыңғайлы мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Мәселен, биыл Алматы қаласында 18 жоба қордан 4,6 млрд теңге алып шаруасын дөңгелетіп кеткен. Олардың бәрі дерлік медицина саласы бойынша кәсіп бастаушылар. Негізінен, азаматтар маска, антисептик өндірісі, лабораториялық және дезинфекциялық қызмет көрсету бойынша кәсіпке кіріскен. Жалпы, алғашқы жарты жылдықтың өзінде 229 кәсіпорын медициналық қызмет көрсету бойынша тіркелген.
«Даму» қоры басшысының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, қор алғашқы жарты жылдықта 6,8 мың жобаға 239 млрд теңге қаржы берген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте ол сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да тоқталды. Оның аясында кәсіпкерлер кепілдік алып, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялай алады.
«Бағдарлама жүзеге асқан маусымда 16 млрд теңгеге 139 жобаға қолдау көрсетілді. Екінші деңгейлі банктер тағы 10 жобаны мақұлдады, 21 жоба қарастырылып жатыр. Субсидия жасау бойынша құны 154 млрд теңге болатын 337 жоба көмек алды. «Даму» қоры ТЖ және карантин кезінде бизнес иелерін қолдауды тоқтатқан жоқ. 16 наурыздан бері қор 1294 жобаны қолдап, 101 млрд теңге несие беріпті. 16 наурыз – 25 мамыр аралығында жалпы сомасы 467 млрд теңге болатын 6091 жобаны қайта құрылымдауға мүмкіндік берген» деді қор өкілі.
Қор кәсіпкерлерді қолдауын жалғастыруда. Кәсіп ашып, оған несие немесе кепілдеме аламын, субсидия жасаймын деушілер egov.kz порталы (ЭЦҚ кілтін қалай ашу керек?) және online.damu.kz сайты арқылы өтініш бере алады.
Еске салайық, осыған дейін ТЖ мен карантин кезінде бизнесіне зиян келген кәсіпкерлерге жеңілдік жарияланатыны туралы жазған болатынбыз. Ал мына сілтеме арқылы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларымен таныса аласыздар.