Коронавирус кіріс жайлы болжамның бәрін құртты

Жарияланды
Көптеген компаниялардың болжамды есебін қайтарып алуы –сарапшылардың бағамындағы алшақтыққа себеп

Алда келе жатқан есеп кезеңі инвесторлар мен сарапшылар үшін салмақты сынақ болуы мүмкін. Олардың өз сөздермен айтсақ, «бұған дейін осыншалық соқыр тәуекелге барып көрмеген». 

Коронавирус салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс бастала салысымен, S&P 500 тізіміне кіретін 180 компания кірістілігіне қатысты болжамдарын қайтарып алып, инвесторлар көз салатын таңдауды тарылтып тастады. Нәтижесінде сарапшылардың кіріске қатысты жасаған болжамдары да әртүрлі болып шықты. 

Экономистер жақында ғана аяқталған ІІ тоқсан құлдырау кезеңі болды деген пікірге бірауыздан келіседі, дегенмен келген шығынның көлемі әлі белгісіз. Қаржылық есептілікті бірінші болып жариялайтын компаниялар –  JPMorgan Chase & Co, Goldman Sachs Group Inc. және Netflix Inc., олар осы аптада есеп беру маусымын бейресми түрде бастайды. 

«Наурыз айынан бері саладағы мамандармен телефон арқылы тілдесіп немесе клиенттермен нон-стоп режимінде келіссөз жүргізіп келемін», – дейді жүк тасымалы саласына басымдық беретін Stephens Inc.  компаниясының атқарушы директоры Джек Аткинс. «Күн сайын,   тәулігіне 24 сағат бойы біз не жағдай болып жатқанын түсінуге тырысып жатырмыз. Бұл оңай шаруа емес, кәдімгідей қажыр-қайратты қажет етеді», – дейді ол. 

Десе де, сұрықсыз болжамдарға қарамастан, қор нарығы бұрынғыдай тұрақтылығын сақтап тұр. 

Наурыз айында қатты құлдырап кеткен S&P 500  индексі 42% пайыз көтерілген. Индекстің жоғарылауына негізінен  ФРЖ мен Конгрестің экономикалық өсімді қолдау мақсатында қолға алған кешенді бағдарламасы ықпал етті. Соңғы айда ралли жыламдығы баяулағанынмен, индекс 2020 жылы тек 1,4 пайызға төмендеді. 

Жалпы алғанда, FactSet компаниясы сауалнама жүргізген сарапшылардың болжамы бойынша, S&P 500 тізіміндегі компаниялардың ІІ тоқсандағы  корпоративті кірісі 45 пайызға төмендеуі тиіс. Индекстің 11 секторы да, әсіресе энергетика, тұтынушылық сектор мен өнеркәсіп  саласы қатты құлдырайды деген болжам бар. III және  IV тоқсанда да аса қарқынды болмаса да, кіріс азая береді, келер жылдың бірінші тоқсанында ғана қайтадан өсе бастайды. 

Көптеген компаниялар кірістілікке қатысты болжамдарын жариялауды пандемияға дейін-ақ тоқтатқан. Алайда бұндай тәжірибені сынға алғандардың қатарынан табылған JPMorgan басшысы Джеймс Даймон  мен Уоррен Баффет  бұл қадам қысқа мерзімді корпоративтік табысқа қатысты сараптама жасауды шектейді деп тұжырымдайды. Сарапшылардың пайымдауынша, кіріске қатысты болжамдық есептер инвесторларға нақты мәлімет негізінде шешім қабылдау үшін, тіпті кейде компаниялардағы ашықтық ахуалын қолдау үшін қажет. Есептің жариялануы, сонымен қатар, акция нарығындағы құбылмалылықты азайтуға да ықпал етеді.

Dow Jones Market Data дерегі бойынша,  корпоративті есептер туралы ақпараттың жетіспеушілігі салдарынан, S&P 500 тізіміндегі компаниялардың кірістілігіне  қатысты сарапшылар болжамындағы орташа спред (айырма) екінші тоқсанда бірінші тоқсандағы 30 центтен – 40 центке дейін  өсіп кеткен.  Салыстырар болсақ, бұған дейін 13 жыл бойы орташа айырма 9-16 цент аралығында тербелетін. 

Болжамдағы бұндай үлкен айырмашылық акциялардың тәуекелі жоғары болуы мүмкін дегенді білдіреді. Бұл үрдіс соңғы апталарда тіптен артып келеді, өйткені Уолл-стриттің болжамдары мүлдем дұрыс болмай шықты. 

 Мәселен, бүкіл әлем бойынша курьерлік қызмет көрсететін FedEx Corp компаниясы наурыз айында болжамдық есепті кері қайтарып алған соң, 30 маусымда тоқсандық қаржы есебін жариялап, әр акциясына $2,53 кіріс кіргізіп, сарапшылар мен инвесторларды таң қалдырды. Бұл қатарынан 22 сарапшы жасаған 1,58 доллар көлеміндегі орта есепті болжамнан жоғары болып шықты. Есептілік жариялана салысымен FedEx акциялары қымбаттап, 2 сауда күнінде құны 20 пайызға көтерілді. 

Frame 66.png

Джек Аткинс те болжамы дұрыс болмай шыққан сарапшылардың қатарынан табылды. 
Компанияның болжамдық есебіне қол жеткізе алмаған соң, ол бәсекелес United Parcel Service Inc фирмасының талдауына сүйенуге мәжбүр болған. Аталмыш компания сәуір айында өзі ұсынатын қызметтерге деген сұраныс B2B секторынан тұтынушы секторға қарай  өтеді деп мәлімдеген болатын. Ал тұтынушы сектордың әдетте табыс аз, шығыны көп болады. Аткинс FedEx те дәл осындай мәселелермен бетпе-бет келер деп пайымдап, өз болжамын өзгерткен болатын.

«FedEx құрлықтағы жүк тасымалы арқылы жоғары айналымға қол жеткізеді деп еш күтпеген едік. Бұл уақытша өзгерістердің әсерін жеңілдетуге ықпал етті», – дейді Аткинс. 

Дәл осыған қарама-қайшы жағдай Nike компаниясы 25 маусым күні өз есебін жариялаған соң орын алды. Спорттық киім ретейлері әр акциясынан 51 цент жоғалтатынын мәлімдеген болатын. Бұл мәлімдеме әр акцияға 55 цент кіріс пен 38 цент шығын шығады деген сарапшылардың болжамына мүлдем жанаспады. Одан кейінші екі күн ішінде Nike акциялары 6 пайызға жуық арзандап кетті. 

Бір қызығы, сарапшылар тек кіріске қатысты болжам жасауда қиындық көріп жатқан жоқ. Экономикалық мәліметтерді бағамдау да қиынға соқты. Мәселен, мамыр мен маусым айларында АҚШ-тағы жұмыссыздық болжамды деңгейден асып түсіп, инвесторлар мен экономистерді біршама алаңдатып қойды. 

«Беймәлім өлкеге аяқ басамыз деп, бәріміз бірдей жағдайға тап болдық», – дейді Instinet Inc компаниясының атқарушы директоры Гарри Кертис.

Кертис коронавирус салдарынан туындаған дағдарыстан қатты зардап шеккен үш сала –  казино, жалдамалы баспана, круиз компаняларымен жұмыс істейді. Бұл компаниялардың барлығы, әсіресе круиз желілері үшін жаңа баланс моделін құру салыстырмалы түрде оңай болған, өйткені олардың табысы былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда күрт төмендеп, тіпті нөлге теңесті дейді ол. 

Өзінің жылдық болжамды есебін наурыз айында кері қайтарып алған Carnival Corp компаниясы18 маусым күні  наурыз-маусым аралығында әр акциядан $3,30 жоғалтқанын мәлімдеді. Ал осы акцияларды зерттеген 14 сарапшы әр акция не 60 цент пайда әкеледі, не 2,50 доллар шығынға ұшыратады деп болжам жасаған еді. Әр акция $1,97  жоғалтады деген Кертистің болжамы шамамен орта тұста тұр. Нәтижесінде келесі екі сауда сессиясында Carnival акциялары 16%-ға арзандады. 

Кертистің айтуынша, қазіргідей кезеңде аналитиктердің клиенттері үшін бар жасай алатын жақсылығы  – болашаққа көз жүгіртіп көру. Мәселен, өзі бар күш-жігерін  компания ұзақ мерзімі құлдырау кезеңінен шыға ала ма, инвесторлар жағдайдың сәл де болса жақсаруына қашан үміттене аларын бағамдауға жұмсап жатыр. 

«Жұмыс жүйесі өзгерді, енді акцияларды бағамдау алдағы екі жылдық кіріске негізделеді»,– дейді Кертис. 

RBC Capital Markets компаниясының АҚШ банктері акциялары бойынша стратегиялық департамент басшысы және басқарушы директоры Джерард Кэссиди осы аптада елдің назары ауатын ірі банктер пандемияға дейін де болжамды есепті сирек жариялағанын айтады.

Әдетте сарапшылар банктердің несие шығындары туралы айқын біліп отыратын еді, бұл қаржы ұйымдарының кірісін анықтауға қажетті ауыспалы мән болып табылатын. 

Енді жағдай мүлдем басқа, Кэссидидің айтуынша, АҚШ экономикасы ел күткеннен де жылдам қалпына келіп жатқаны жайлы деректер жасалатын болжамды одан әрі бұлдыр, көмескі етіп жіберді.

 

Сондай-ақ оқыңыз