Кәсіпкерлердің шағын қаржы ұйымдарынан алған несие көлемі өскен
Қазіргі кезде елімізде 1,3 млн шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың қатары 0,6 пайызға артқан. Былтыр орта және шағын бизнестің экономикадағы үлесі 30,8 пайызды құрап, өндірген өнім көлемі 31,2 трлн теңгеге жеткен, деп жазады finprom.kz.
ШОБ-ты дамыту – экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамту мен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыттың бірі.
COVID-19 пандемиясының кең жайылуы орта және шағын бизнес өкілдерінің қызметіне кері әсерін тигізіп жатыр. Дәл осы қиын кезде шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі өте өзекті: экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты Үкіметтің алдында несиелендіруді қалпына келтіру және бизнестің несиеге қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Шағын және орта бизнеске негізгі қаржылық қолдауды екінші деңгейлі банктерден бөлек, микроқаржы ұйымдары да көрсетеді. Осы ретте банкке қарағанда микроқаржы ұйымдарынан несие алу жеңіл және жылдам екенін айта кеткен жөн. Бұл микроқаржы нарығының даму қарқынын айтарлықтай арттырады. Мәселен, 2020 жылдың наурыз айындағы дерек бойынша, МҚҰ несие қоржыны бір жылда 35,6%-ға артып, 316,1 млрд теңгеге жетсе, жыл басынан бергі өсім 7,8%-ды құраған. Соңғы бес жылда МҚҰ беретін микрокредит сомасы жылына орта есеппен 49,3%-ға өсіп келеді.
Айта кету керек, 2020 жылдың бірінші тоқсанынде берілген шағын несиенің 56 пайыздан астамы кәсіпкерлік үшін алынған, ол өз кезегінде елдегі іскерлік белсенділіктің артуына біршама ықпал етті.
Мәселене, маусым айында Қазақстан экономикасының іскерлік индексі 46,8-ге дейін көтерілген. Ал мамыр айында бұл көрсеткіш 44 болған. Елде төтенше жағдай жарияланып, халық карантинде отырған наурыз-сәуір айларында индекс төмен түсіп кеткен.
finprom.kz
Қазақстанда 200-ден аса микро қаржы ұйымы жұмыс істейді. Соған қарамастан нарықтың 76,4 пайызы ірі 5 микро қаржы ұйымының еншісінде.
Елдегі ең ірі микроқаржы ұйымы — KMF: ол берген несие сомасы 132 млрд теңгені құрап, былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 7,5%-ға артқан. Биыл маусым айында KMF ЕҚДБ-дан 40 млн доллар көлемінде қарыз алды. Бұл қаржыны шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өтімділік қаражатын қамтамасыз ету үшін береді. Несиелеудің артуы жергілікті кәсіпорындардың қызметін жалғастыруға және дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтауға көмектеседі.
Ал «Тойота Файнаншл Сервисез» микроқаржы ұйымы несиелеу көлемін бір жылда 74,9%-ға арттырып, 57,7 млрд теңгеге дейін жеткізген. Жыл басынан бері аталмыш МҚҰ-ның несие қоржыны 10,9%-ға өсті.
Шағын несие ұсынатын қаржы ұйымдарының үштігін Solva жапқан: 25,2 млрд тг. Бұл ұйымның бір жыл ішінде берген несие сомасы 3 есе өсіп, ірі МҚҰ арасында ең жоғары көрсеткішке ие болды.
Жалпы, жоғарыда аталған микро қаржы ұйымдарының несие қоржыны жыл басынан бері 3,6 пайызға өскен.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекет тарапынан салық жеңілдігі қарастырылып, несие беру артып, бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қолға алынған. Мәселен, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын шағын және кіші бизнес субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылды.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа бағыт – шағын және кіші кәсіпкерлікке шағын кредит беру іске қосылады. Бұл санатқа кіретін кәсіпкерлерге субсидия есебінен 6 пайыздық несие берілмек.